​«6 жапырақ» диетасы:салмақ тастаудың ерекше тәсілі

0
128

Швециялық диетолог Анна Юханссонның 2000 жылдардың басында ұсынған идеясы.


​«6 жапырақ» диетасы:салмақ тастаудың ерекше тәсілі

Сурет: ЖИ

«6 жапырақ» - монодиеталардың жеңілдетілген түрі саналады. Арықтағысы келетіндер үшін ерекше бір тәсіл. Шарты тым қарапайым және қысқа уақытта көзге көрінерлік нәтиже береді. Мұндай тамақтану жүйесін ұстанатындар салмақ тастап қана қоймай, денесі жеңілдеп, ішек жұмысы жақсаратынын және жалпы өзін жақсы сезіне бастайтынын айтады.

Монодиетаның мәні – белгілі бір күні тек бір өнім түрін және одан дайындалған тағамдарды жеуге рұқсат етіледі. Ал «6 жапырақ» диетасы – бір жүйеге біріктірілген алты түрлі монодиета.

«6 жапырақ» емдәмі – швециялық диетолог Анна Юханссонның 2000 жылдардың басында ұсынған идеясы. Атауы да ерекше тәсілден шыққан. Автор алты жапырағы бар қағаз гүл жасап, әр күн аяқталған сайын бір жапырағын үзіп отыруды ұсынған. Бұл – диетаның бір күні аяқталғанын білдіретін әрі ынталандыратын символдық әдіс.

Әр жапырақ белгілі бір күнге және тағам тобына сәйкес келеді.


1-күн – БАЛЫҚ КҮНІ. Майы аз теңіз және өзен балықтарын, теңіз өнімдерін (кальмар, асшаян) жеуге болады.


2-күн – КӨКӨНІС КҮНІ. Крахмалы аз көкөністерді шикілей, қайнатып немесе бұқтырып жеуге рұқсат.


3-күн – ТАУЫҚ ЕТІ КҮНІ. Тауықтың терісі алынған төс еті мен сүбесін пайдалануға болады.


4-күн – ДӘНДІ ДАҚЫЛДАР КҮНІ. Қарақұмық, сұлы, тары, қоңыр күріш, арпа және тұтас дәннен жасалған нан қытырлақтарын (1–2 дана) жеуге болады.


5-күн – СҮЗБЕ КҮНІ. Майлылығы төмен сүзбе, айран, қоспасыз йогурт және ашытылған сүт өнімдерін тұтынуға рұқсат.


6-күн – ЖЕМІС КҮНІ. Қант мөлшері аз және орташа болатын жаңа піскен жемістер мен жидектерді жеуге болады.

Диетаны әзірлеген автордың негізгі тұжырымы мынадай: ақуыз, күрделі көмірсулар мен жасұнық кезектесіп берілгенде, ағза бір ғана тағам түріне үйреніп үлгермейді. Соның нәтижесінде май қоры белсенді жұмсалады деп есептеледі.

Бұл диетада тәуліктік калория мөлшері шамамен 800–1100 ккал болуға тиіс. Солайша салмақтың азаюына ең алдымен ағзаның күнделікті қажет ететін энергиясынан аз калория қабылдауы, яғни калория тапшылығы әсер етеді.


Қандай тағамдарды жеуге болмайды?

Диетаның әр күнінде белгілі бір өнімдерге шектеу қойылады.

- Балық күні: майға қуырылған, ұнға аунатылған, майлы тұздықпен дайындалған балықты жеуге болмайды.

- Көкөніс күні: картоп, авокадо, жүгері, сондай-ақ май мен тұздық қосылған тағамдарға рұқсат жоқ.

- Тауық еті күні: тауықтың жамбас еті, қанаты, терісі, тауық етінен жасалған шұжық пен жартылай дайын өнімдерді жеуге болмайды.

- Дәнді дақылдар күні: ақ нан, манка ботқасы, тәтті ботқалар және қант қосылған мюсли ұсынылмайды.

- Сүзбе күні: ірімшік, қаймақ, кілегей және сырты шоколадпен қапталған тәтті сүзбе өнімдеріне тыйым салынады.

- Жеміс күні: жүзім, банан, құрма, кептірілген жемістер және шәрбатқа салынған консервіленген жемістерді жеуге болмайды.

Сонымен қатар барлық алты күнде қант пен оның баламаларын (бал, агава шәрбаты, үйеңкі шәрбаты), өсімдік және жануар майларын, алкогольді, қуырылған тағамдарды, фастфудты, жартылай дайын өнімдерді, кетчуп, майонез, соя тұздығы сияқты тұздықтарды, газдалған сусындарды, қораптағы шырындарды, сүтті шоколадты, тәтті тоқаштар мен ақ нанды тұтынуға тыйым салынады.

«6 жапырақ» диетасын созылмалы аурулары жоқ, дені сау ересектер қысқа мерзімді тамақтану тәртібі ретінде қарастыра алады. Мысалы, белгілі бір күнге дейін салмағын азайтқысы келетін адамдар арасында осындай мақсат кездеседі.

Сондай-ақ тамақтану тәртібі бұзылып, ретсіз тамақтануға үйреніп қалған адамдар оны әдеттерін өзгертуге арналған бастапқы қадам ретінде қарастыруы мүмкін. Бірақ диетадан кейін әдеттегі тамақтануға дұрыс оралу маңызды.


Диета кімдерге жарамайды?

  • Жүкті және бала емізетін әйелдерге. Калория мөлшерінің тым аз болуы және мәзірдің теңгерімсіздігі ана мен балаға қажетті қоректік заттардың жетіспеуіне әкелуі мүмкін.
  • Қант диабетімен ауыратын адамдарға. Тағам құрамының күн сайын күрт өзгеруі қандағы глюкоза деңгейіне болжап болмайтын әсер етуі мүмкін.
  • Бүйрек және бауыр аурулары бар адамдарға. Ақуызға басымдық берілген күндері бұл ағзаларға түсетін жүктеме артуы ықтимал.
  • Подаграмен ауыратын немесе қанында зәр қышқылы жоғары адамдарға. Балық пен тауық еті күндеріндегі пурин мөлшері аурудың жағдайын нашарлатуы мүмкін.
  • Тамақтану тәртібінің бұзылуы болған адамдарға. Мысалы, анорексия, булимия немесе шамадан тыс тамақтану мәселесі бар адамдар үшін қатаң шектеулер аурудың қайта асқынуына түрткі болуы мүмкін.
  • Жасөспірімдер мен 65 жастан асқан адамдарға. Бұл жаста ағзаның қоректік заттарға деген қажеттілігі жоғары болғандықтан, шектеулі мәзір кері әсер етуі мүмкін.
  • Белсенді жаттығатын спортшыларға. Тәулігіне 800–1100 ккал энергия мөлшері тіпті орташа дене белсенділігі кезінде де ағзаның қажеттілігін өтей алмайды.

Өнімдердің рұқсат етілген тізімі шектеулі болғандықтан, ағзаға қажетті барлық дәрумендер мен минералдарды жеткілікті мөлшерде алу қиындайды. Сондықтан мұндай мәзірді толыққанды әрі теңгерімді тамақтану үлгісі деп қарастыруға болмайды. Нутрициология тұрғысынан мұндай шектеулі диетаны қайта-қайта ұстанудың пайдасы жоқ.

Емдәм авторының айтуынша, араға уақыт салып қайта бастауға болады. Бірақ екі циклдің арасында кемінде 2–3 апта үзіліс болуы керек.

Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ

Оқи отырыңыз:

ЖАТТЫҒУды КӨҢІЛ-КҮЙІҢІЗГЕ қарай таңдасаңыз, НӘТИЖЕ жақсырақ болады

Денсаулық ПЛАСТЫРЬЛЕРІ шынымен көмектесе ме?

Әр адам білуі керек 6 ЗАҢ