Қарағанды облысында үштік бағамен оқығаны үшін мектептен шығарылып жатқан оқушылардың ата-аналары шу шығарды

0
330

Барлығы балаларын басқа мектепке ауыстыруға қарсы.


Қарағанды облысында үштік бағамен оқығаны үшін мектептен шығарылып жатқан оқушылардың ата-аналары шу шығарды

ERNUR.KZ. Қарағандыда отыздан астам оқу үлгерімі төмен баланы мектептен шығарып жатыр. Мұны естіген ата-аналар наразылыққа шықты. Айтуларынша, үштік бағамен оқығаны үшін балаларды басқа мектепке мәжбүрлеп ауыстыру – барып тұрған қиянат. Ал білім бөліміндегілер ол мектепке гимназия мәртебесі берілді. Сондықтан талап бойынша үлгерімі нашар балаларға орын бере алмаймыз дейді, деп жазады Stan.kz

Мектеп-гимназияның алдына жиналған тоғызыншы сынып оқушыларының ата-аналары ашулы. Барлығы балаларын басқа мектепке ауыстыруға қарсы. Айтуларынша, мектеп әкімшілігі жеткіншектердің үлгерімі төмен болғандықтан білім ордасынан мәжбүрлеп шығарған. Алайда ата-аналар бұл шешіммен келіспейді. Себебі, мекенжайлары бойынша осы гимназиядан басқа жақын маңайда мектеп жоқ. Сондықтан, жиналғандар сабақ үлгерімі төмен оқушыларға да Абай атындағы бұл мектеп-гимназияда оқуға мүмкіндік беруді сұрайды.

“Сабақтары үшке тапсырылған осы жолы. Үштік бағамен біз қабылдамаймыз, біз гимназия мектебіміз дейді. Бірақ екі-ақ оныншы сынып бар. Екі сыныпты жауып отыр. Директордың алдында қаншама күн болдық. Кейін балалармен сөйлесеміз, шешеміз деді де, сонымен бүгін Гороноға барғанымда порталдың бәрі жабық. Өздері баланы іріктеп алған. Одан кейін айтқаны бұл мектепте бала толып кетті деді”, – дейді ата-ана Анарбек Хамидолла.

“Үштері көп балаларға бұл мектептен кетеді дегендей қылыпты. Бұл мектеп қабылдамайды гимназия болады депті. Еще эссе жазды. Түсінбеймін неге бұл мектепте сондай қағидалар бар? Мен директордың өзіне де айттым. Өткенде шағым жаздым. Былтыр да мектепке әрең кіргенбіз”, – дейді тағы бір ата-ана Гүлзира Асанова.

1200 оқушыға арналған Абай атындағы мектеп-гимназиясында бүгінде 2000-ға жуық бала оқып жатыр екен. Білім бөлімдегілер ықшамауданда халық саны артып, балаларды мектептерге сыйғыза алмай жатқанын айтады. Ал сабақ үлгерімі төмен оқушыларды гимназиядан шығару себебін былай деп түсіндіреді.

“Гимназия, лицейлердің талаптары әрине білім сапасына байланысты. Олар құжаттарын тапсырған кезде жалпы негізгі білім туралы аттестаттарын тапсырады. Негізі білім туралы аттестаттың ішінде неғұрлым жоғары балл болса, содан бастап қабылданады да, балы төмен балалар әрине мектептің сыйымдылық мөлшері біткен кезде қабылдау тоқтатылады”, – дейді Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.

Дегенмен, жауаптылар оқу үлгерімі гимназия талаптарына сай келмеген оқушыларды орта мектептер мен колледждерге орналастыруға көмек беретіндерін айтты. Сондай-ақ дәл осы оңтүстік-шығыс ықшамауданында екі жаңа мектеп құрылысының жүріп жатқанын жеткізді.