Қарағанды облысында жедел жәрдем көлігіне құрылыс материалдарын тиеген

0
875

Бұл жағдай Сәтбаев қаласында биылғы 27 шілдеде болған.


Қарағанды облысында жедел жәрдем көлігіне құрылыс материалдарын тиеген

ERNUR.KZ. Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында мамандандырылған медициналық көлікке құрылыс материалдары тиелгені үшін жедел жәрдем станциясының басшылары жауапкершілікке тартылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем көлігін мақсатсыз пайдалану дерегі бойынша қызметтік тергеу жүргізілгенін мәлім етті. Нәтижесінде облыстық Жедел медициналық жәрдем станциясының директоры мен Сәтбаев қаласының қосалқы станциясының меңгерушісі жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, өткен демалыс күндері Қарағандының танымал пабликтерінің бірінде фельдшер формасын киген адамдар жедел жәрдем көлігіне жиектастар тиеп жатқаны туралы видео жарияланған болатын. Ол халық арасында дау тудырып, аз уақыт аралығында видеоны қарап шыққандар саны бірнеше мыңды құрады. Бүгін Денсаулық сақтау басқармасында мамандандырылған автокөлікті мақсатсыз пайдалану жағдайына қатысты түсініктеме берілді.

«Бұл жағдай Сәтбаев қаласында биылғы 27 шілдеде болды. Қосалқы станция аумағындағы автотұрақты жабдықтау үшін блоктар тасымалданған. Алайда, қосалқы станция меңгерушісі жоғары тұрған басшылықты арнайы көлік қажеттілігі туралы хабардар етпей, жөндеуде тұрған жедел жәрдем машинасын пайдалану туралы шешім қабылдаған. Сәтбаев қаласының қосалқы станция меңгерушісі тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, облыстық Жедел медициналық жәрдем станциясының директорына тиісті бақылауды жүзеге асырмағаны үшін ескерту жарияланды», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау басқармасы Сәтбаев қаласында 6 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейтінін және бұл жағдай халыққа қызмет көрсету сапасына еш әсер етпегенін мәлімдеді.