Екі жұмысшының денесі табылды, үшеуі іздестіріліп жатыр.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі сәтте «Қазақстан» шахтасындағы өрттен жапа шеккен 6 кенші ауруханада жатыр, тағы екі жұмысшыны онда апара жатыр. Сонымен, барлығы 8 адам апаттан зардап шеккен, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұған дейін хабарланғандай, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында ТЖ нәтижесінде зардап шеккен алты адам ауруханаға жатқызылды.
– «Қазақстан» шахтасында зардап шеккен екі адам Мақажанов клиникасына жеткізілді. Қабылдау бөлімінің дәрігерлері науқастардың жағдайын тексерді. Алдын ала диагноз – шахта газдарымен жедел ингаляциялық улану, оның ішінде ауыр көміртегі тотығымен улану, токсико-гипоксиялық энцефалопатия, уытты бронхит. Олар реанимация бөлімшесіне жатқызылды, – деді токсикология бөлімшесінің меңгерушісі, Қарағанды облысының бас штаттан тыс токсикологы Сәуле Смағұлова.
Сондай-ақ, бұған дейін екі жұмысшының денесі табылғанын хабарлаған едік.
«Екі жұмысшы қайтыс болды. Қалғандары іздестіріліп жатыр», - деді облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Марина Шаповалова.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында шахта өртеніп, 227 адам эвакуацияланғаны туралы хабарлаған едік. Шахтадада 227 адам болған. Шахтадан қаптал ұңғыма арқылы адамдар жоғары шығарылған.
Кейін өрт кезінде 5 кеншінің із-түссіз қалғаны және 4 адам ауруханаға жеткізілгені айтылды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, қауіпсіз жерге шығарылған 13 адам бас ауруы мен жөтелге шағымданған. Қазіргі уақытта 4 адам, оның ішінде екеуі Шахтинск қаласының орталық ауруханасына, тағы екеуі облыстық медициналық орталыққа жатқызылды.