Қарағандыда 42 жастағы әйелді туған ұлы өртеп жіберді

0
1 496

Баласының туған анасын қатыгездікпен жазым етуіне не себеп болған?


Қарағандыда 42 жастағы әйелді туған ұлы өртеп жіберді

ERNUR.KZ. Қарағанды облысындағы Дубовка ауылында 21 жастағы жігіт, туған анасын алдымен ұрып өлтіріп, кейін денесін өртеп жіберген. Әйелдің жартылай жанған мәйітін ауыл шетінен тұрғындар тауып алған. Полиция күдіктіні қамауға алды, деп хабарлайды Astana арнасы.

42 жастағы әйелдің жартылай жанған мүрдесі Дубовка ауылынан 2 шақырым қашықтағы иен даладан табылды. Оны ауыл тұрғындары байқап қалып, дереу полиция шақырған. Көп ұзамай марқұмның туған ұлы күдікке іліккен. 21 жастағы жігіт анасын алдымен ұрып жығып, содан соң өртеп танысымен бірге ауыл шетіне апарып тастағанын полицияға айтқан. Қазір күдікті қамауда. Оған қатысты «адам өлтіру» бабымен іс қозғалды.

Полицияда қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән- жайы анықталуда, - дейді Қарағанды облыстық ПД баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков.

Көршілері бұл отбасымен араласпаған. Айтуларынша анасы ішімдікке салынған. Ана мен бала арасындағы кикілжіңге осы себеп болғанына сенімді. Олар бұл іске араласқысы жоқ, сондықтан камераға сұқбат бермеді. Бірақ ішімдікке салынған анасының әрекеттері баласын шаршатқанын айтып қалды.

Қазір есігі бекітулі тұрған мына үйде күдікті өзінің туған анасы және нағашы әжесімен бірге тұрған. Көршілерінің айтуынша, қазір әжей өзі жалғыз қалған. Олар күдікті жігіттің оғаш қылықтардан аулақ болғанын да айтады. Ал қайғылы оқиғаға анасының ішімдікке салынып кетуі себеп болуы мүмкін деп отыр.

Дубовка ауылының әкімдігі де күдікті жігітке шан жуытпады. Ол дизайнер мамандығын бітіріп, қалада жұмыс істейтін. Кәрі нағашы әжесі мен шешесінің бар проблемасын бір өзі арқалап жүрген еді,- дейді.

Бала ақылды бала, суретті жақсы салатын. Дизайнер мамандығын таңдады, ешкімге қарсы сөйлемейтін, сыпайы. Бүгін естігенде сенер сенбесімізді білмейміз. Тұрғындардың айтуынша, кейінгі уақытта мамасы ішеді деген. Содан шарашады ма, әлде намыстанды ма, жас бала ғой, - дейді Қарағанды облысы Дубовка ауылдық округы әкімдігінің бас маманы Ерке Оразбаева.

Алайда жас жігітке жасалған жақсы мінездеме оның ауыр айыбын жуып-шая ала ма? Ал анасының денесін жасыруға көмектескен танысы да жазасыз қалмауы мүмкін. Оны тұтқындау мәселесі әлі шешілген жоқ.