Нөсер жаңбырдан кейін қаланың бірнеше тұрғын үйін су басқан.
ERNUR.KZ. 10 тамызда кешкілік уақытта Қарағанды қаласында қысқа мерзімде қатты дауыл тұрып, оның соңы нөсер жауынға ұласты. Қаланың бірнеше тұрғын үйлері мен ғимараттарының жертөлесін су басты әрі шатырларынан су ағып жұртты әбігерге салды, деп жазады inbusiness.kz.
Қазыбек би атындағы ауданда қысқа мерзімді нөсер жауын салдарынан жеке тұрғын үйлердің 3 ауласын (Бұқар жырау даңғылы, 110, Молокова к-сі, 10), Ермекова көшесі, 55 мекенжайы бойынша "Дәулет" күрес түрлері бойынша облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің ғимараттары және Алтын арқа шағын аудандағы 3 қабатты тұрғын үйдің жертөлесіне су кірген. Сондай - ақ Теміржол вокзалы ғимаратын су басу фактісі тіркелді (су деңгейі 10 см-ге жетеді). Тұрғындарды эвакуациялау жүргізілген жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайлар департаменті, "Қарағанды су" ЖШС, жергілікті атқарушы органдардың күштерімен суды сорып, қапшықтарды төсеу жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, қатты желдің салдарынан алдын ала алаңы 500 шаршы метр болатын Магнитогорская-1 көшесінің бойындағы 4 қабатты "№4 арнайы мектеп-интернатының" шатыры жартылай жұлынды. Салдарынан “ВАЗ-2106” және “Volkswagen Passat” көліктері зақымданған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
“Қарағанды облысында дауылды ескерту жарияланды. 11 тамызда Қарағанды облысының оңтүстігінде, шығысында қатты жаңбыр күтіледі. Облыстың басым бөлігінде найзағай күтіледі. Күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде бұршақ, дауыл күтіледі. Солтүстіктен, солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде күші 15-20, күндіз екпіні 23 м/с күтіледі”,- деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Майқұдықта жаңбырдан соң ер адамның денесі табылған. Тұрғындар ер адамға найзағай түсіп қайтыс болғанын айтқан. Алайда Полиция шамамен 46 жастағы ер адамның өліміне қандай жайт себеп болғанын тек сараптама анықтайды деп отыр. Қазір оның жеке басы анықталуда.