​Қарағандыда жалдамалы пәтерден мәйіті табылған жасөспірімдердің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр

0
73

Қаланы дүр сілкіндірген қайғылы жағдай орталықтағы көпқабатты үйлердің бірінде болды.


​Қарағандыда жалдамалы пәтерден мәйіті табылған жасөспірімдердің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

ERNUR.KZ. Қарағандыда әлеуметтік желіде қалада жалдамалы пәтерлердің бірінде жасөспірімдердің көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты тергеуді бастап кетті. Ал зардап шеккендер қазір дәрігерлердің бақылауында, деп жазады inform.kz.

Қаланы дүр сілкіндірген қайғылы жағдай орталықтағы көпқабатты үйлердің бірінде болды. Пабликтердің бірінде жалға алынған пәтерде алдын ала болжам бойынша жасөспірімдердің есірткілік затты шектен тыс қолданғаннан көз жұмғаны туралы хабарланды.

Алдын ала деректерге сәйкес, пәтерді ересек ер адам жалға алған. Қоныстанған соң ол пәтерге бірнеше жасөспірімді ертіп келген. Таңертең үй иесі кілтін алу үшін келгенде жантүршігерлік көрініске куә болған: бір жасөспірім жан тәсілім еткен, тағы үшеуі ес-түссіз жатқан. Пәтер иесі бірден жедел жәрдем шақырған.
Дереккөздердің айтуынша, жасөспірімнің өліміне себеп болуы мүмкін негізгі нұсқа — «синтетикалық» аса қауіпті есірткі затын артық мөлшерде қолдану.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын растады. Алайда құқық қорғаушылардың мәліметінше, оқиға орнынан екі адамның мәйіті табылған.
- Облыстың 18 және 15 жастағы екі тұрғынының мәйіті табылуына байланысты сыртқы зорлық-зомбылық белгілері анықталмағандықтан, қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында полиция толық көлемде жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді, - деп мәлімдеді ведомство.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.