Қарағандыда жеткіншектің өлімінен кейін жауаптылар қызметінен қуылып жатыр

0
1 275

40 жастағы отставкадағы мойор күдікті ретінде қамауға алынды.


Қарағандыда жеткіншектің өлімінен кейін жауаптылар қызметінен қуылып жатыр

фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Қарағандыдағы батутқа қатысты жағдайдан кейін қалалық саябақтарды басқару мекемесінің басшысы жұмыстан қуылды, деп хабарлайды ktk.kz.

Рустам Күдебаев балалар ойнайтын жабдықтың саябаққа қалай кіргізілгенін байқамай қалдық деп ақталған. Ал батуттың иесі Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бұрынғы қызметкері екен. Ол апаттан 5 күн бұрын ғана өз еркімен жұмыстан кеткен көрінеді. Айта кетейік, оқыс оқиға салдарынан 12 жастағы бала қаза тапқан еді.

Сенбідегі апаттан соң саябақтағы батуттың барлығы жерде бүктеліп жатыр. Адам қарасы да көп емес, қаралы хабардан құлағдар жұрт апат орнына үрке қарайды. Кейбірі гүл шоқтарын да қойған.

Саябақтың дәл ортасында орналасқан батутты жел көтергенде, ол ең алдымен үйшікті құлатқан. Елдің барлығы жабылып жүгіргенімен оны ұстап тұра алмағанға ұқсайды. Қатты қарқынмен келген батут темір бағанына құлатып барып, аударылыпты. Оның астында бірнеше бүлдіршін қалып қойды.

Айналадағы жұртты аласапыран күйдегі түсірген мына жағдайда улардай шулаған жұрт бала-шағасын түгендеп әлек. Алайда баланың барлығы бірдей батут астынан аман шыққан жоқ. 12 жастағы Борис Рудаковтың өлі денесі табылды. 5 жыл бұрын әкесінен айырылған Бористің артында анасы зар жылап қалды. Тағы үш бала тірі табылды. 7 жастағы қыздың саусағы ғана сынған. Ал төрттегі бүлдіршін мен 15 жастағы бала ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Ерік Шомбаев, травмотолог:

- Бір баланың аяғы мен қолы сынған. Екіншісінде қабырғалары сынған. Жағдайлары ауыр болғандықтан әзірге ота жасаған жоқпыз. Наркозды көтере алатын жағдайға жеткенде ғана ота жасалады.

Апаттан кейін саябақтарды басқару мекемесінің басшылығы бұл батуттан ат-тондарын ала қашқан. «Мұнда қалай келгенін білмейміз, бізден рұқсат алмаған» деп азар да безер болды. Жұрт наразылығын тудырған мәлімдемеден кейін, Қарағанды әкімі де қарап қалмады.

Нұрлан Әубәкіров, Қарағанды қаласының әкімі:

- Бұл біз үшін ауыр сабақ болды. Өз міндетін атқара алмағаны үшін саябақтарды басқару кәсіпорынының басшысын жұмыстан босатамын. Саябаққа жасырын кіріп кетті деген не сөз? Ол сіріңкенің қорабы ма қалтаға салып алатын. Көтеріп те өткізе алмайсың, көлікпен кіргізіледі ол.

Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары мен аталған мекеменің бөлім басшысына қатаң сөгіс берілді. Ал батутты жасырын күйде саябаққа өткізді деген адамның бұрынғы шенді екені анықталды. Ерлан Тәкішев Абай қаласының өртке қарсы күрес қызметін басқарған. Ең қызығы 19 жыл еңбек етіп, басшылық лауазымға дейін көтірелген ол апаттың алдында ғана жұмыстан өз еркімен кетіпті.

Ибрагим Күлшімбаев, Қарағанды облыстық ТЖД бастығы:

- Өзі рапорт жазып, жұмыстан босатылған. Мәлімет бойынша жеке кәсіпкерлік жұбайының атында болған. Жұбайына келіп, көмектесіп өзі орнатқан. Қазір 40 жастағы отставкадағы мойор күдікті ретінде қамауға алынды. Ол қызмет көрсетуде қауіпсіздік ережесін сақтамағаны үшін тергеледі. Ал 12 жастағы марқұм баланың денесі ертең жер қойнына тапсырылады.