Ерлан Қошанов Қарағанды облысында көпбалалы ата-аналарға баспана алу үшін тұрғын үй сертификаттары мен қолайлы несиелер берілетіндігін айтты.
ERNUR.KZ. Аймақ басшысының халыққа есеп беру кездесуінде қарағандылық аналар Ерлан Қошановтан баспана мәселесінің қашан шешілетінін сұрады, деп жазады BAQ.KZ
Қарағанды облысының әкімінің халықпен кездесуіне келген тұрғындар аймақ басшысынан үй мәселесінің шешімін табуына көмектесуді сұрады. Қарағандылық аналар Ерлан Жақанұлын сұрақтың астына алып, қашан баспаналы болатындықтарын, үй алу үшін не істеу керектігін сұрады.
«Көп балалы аналар Үкіметтің табалдырығын тоздырмайық, сіз біздің мәселемізді шешуге атсалысыңыз. Сізге бір облыстың басшысы, біздің өкіліміз деп келіп отырмыз. Сіз осы тілегімізді үкіметке жеткізіңіз. Қарағандыда 36 мың адам үйдің кезегінде тұр. Жетім балалар, мүгедектер, жесір аналар мен көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамту үшін сізге қанша жыл керек? Көп балалы отбасылар ипотекиалық несие алу үшін 20 пайыздық бастапқы жарнаны қайдан табады?. Ол отбасыларда әкесі ғана жұмыс істейді, анасы болса балаларды бағады. Сондай олар бұл қаржыны қайдан алады? Осы мәселені жергілікті деңгейде қалай шешесіздер?», - деді көп балалы ана Ләззат Қожахметова.
«Қарағандыға 15 жыл бұрын көшіп келгенмін. Содан бері баспасызбын. 2004 жылдан бері үйдің кезегінде тұрмыз. Кезегім мүлдем жылжымайды. Әкімдіктің табалдырығын тоздырдым. Осы әкімдікте кімнің жұмыс істейтінін жаттап та алдым. Жалдамалы үйде тұрып жатырмын, 6 балам бар, оларда да үй жоқ. Өз еліміз, өз жерімізде қаңғып жүрміз», - деді ашынған ана.
«Он балам бар, бір балам мүгедек. Үйдің кезегіне 2006 жылы тұрғам. Әкімдіктегілер кезектің жылжымайтындығын айтады. Не істейміз енді? Сізге үй жайында ғана келіп тұрмын», - деді тағы бір ана.
Ерлан Қошанов Қарағанды облысында көпбалалы ата-аналарға баспана алу үшін тұрғын үй сертификаттары мен қолайлы несиелер берілетіндігін айтты.
«Үйді қашан бересің дейді апа. Қолымда болса, қалтамда болса, сізге үйді қазір-ақ бере салар едім. Қазір осы көп балалы отбасылардың мәселесі қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Республикада бұл мәселе зерттеліп жатыр. Біздің облыста да осы мәселені айналысып жатырмыз. Біздің сіздерге көмектескіміз келеді. Сіздердің өз пәтерлеріңізде, балаларыңызбен сапалы өмір сүргендеріңізді қалаймыз. Қолымыздан келгенше тырысып жатырмыз», - деген облыс әкімі қолдан келген барлық шараны атқарып жатқандығын айтты.
«Өздеріңіз білетіндей «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша біз кезекте тұрғандардың барлық 11 санаты үшін жылына 300-ге жуық пәтер салудамыз. Осы санаттар бойынша кезекте тұрғандардың саны бүгінгі таңда 36 мыңнан асады. Оның ішінде облыс бойынша тұрғын үй алу үшін 1 206 көпбалалы отбасы кезекте тұр. Мұндай қарқынмен біз, әрине, жақын арада баспанаға мұқтаждарды пәтермен қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан да бастапқы жарнадан босату мәселесі қарастырылып, оларға сертификаттар берілетін болады. Осыған байланысты кезекте тұрған көп балалы отбасыларды несиелендіру үшін «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкіне» облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінеді. Жылдық мөлшерлемесі 2 пайызды құрайтын 15 млн теңгеге дейін несие қарастырылған. Бастапқы жарна он пайыз. Сонымен қатар, кірістерге қойылатын талаптар да белгіленеді. Отбасының бір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі бір жарымнан аспауы тиіс, ол дегеніміз - 44 547 теңге», - деді аймақ басшысы.
Әкімнің сөзінше, облыстық бюджетте осы жылы бастапқы жарнаны субсидиялау үшін тұрғын үй сертификаттарына 1 млрд теңге қарастырылған. Көпбалалы отбасылар да осы қолдауды пайдалана алады. Мысалы, пәтер құны 10 млн теңге болса, тұрғын үй сертификаты 1 млн теңгені құрайтын бастапқы жарнаны толығымен жабады. Алдын ала есеп бойынша, ай сайынғы төлем орташа есептегенде 41 мың теңгені құрайды.