«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы мол ықпалын тигізіп келеді.
Еліміздің әр өңірін дамыту күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда біршама уақыт бұрын «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынған еді. Бірнеше министрлік біріге дайындаған жобаның негізгі мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру. Тиісінше, ел бюджетінен қаржы бөлініп, бүгінде жоспарланған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда Қарағанды облысында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасамақпыз.
ОБЛЫС ЭКОНОМИКАСЫ ТҰРАҚТЫ ДАМЫП ЖАТЫР
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы Қарағанды облысының экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуына мол ықпалын тигізіп келеді. Мәселен, жолға қойылған тың жобалардың нәтижесінде 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өндірілген жалпы өңірлік өнімнің көлемі 4 пайызға өсіп, шамамен 3 трлн. теңгені құраған. 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша да облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері дамудың оң үрдісін көрсетті. Тиісінше, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 0,9 пайыз деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп саласында 1,2% пайыз, ауыл шаруашылығында 0,2 пайыз, көлік саласында 0,7 пайыз және сауда салаларында 5,2 пайыздық өсім байқалған.
Айта кету қажет, экономикалық өсімді қамтамасыз ету инвестициялық белсенділік деңгейімен тікелей байланысты. Осы орайда бизнес-бастамаларға мемлекеттік қолдау көрсетудің арқасында есепті кезеңде негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемінің өсуі өткен жылдың 9 айындағы деңгейге қарағанда 7,9 пайызға өсіп, шамамен 462 млрд. теңгеге жеткізілген. Тұтастай алғанда, өнеркәсіптік индустрияландыруға бағытталған мемлекеттік саясат саланың инвесторлар тарапынан тартымдылығына ықпал етеді. Тиісінше, инвестиция көлемінің 72 пайызы өнеркәсіпке бағытталған.
ӨҢІРДЕГІ ОҢ КӨРСЕТКІШТЕР
Қарағанды облысындағы тұрғынүй құрылысының қарқыны оң динамиканы көрсетіп отыр. Есепті кезеңде 355 мың шаршы метр тұрғынүй пайдалануға беріліп, өсім өткен жылдың 9 айының деңгейіне қарағанда 5,2 пайызға артқан.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 11,3 пайызға артып, 87 мыңнан астам бірлікті құрады.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 2022 жылдың 1 тоқсанның қорытындысы бойынша 32,3 пайызға өсті.
Шағын және орта бизнес секторы облыс бойынша жұмыс орындарының шамамен 40 пайызын береді. Бұл 247 мың адам немесе облыстағы жұмыспен қамтылған азаматтардың 39 пайызы. Осылайша, шағын және орта өңір тұрғындарын жұмыспен қамту бойынша маңызды әлеуметтік міндетті орындауда.
Жыл басынан бері 11 985 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 2 637-сі тұрақты.
Жұмыссыздық 4,5 пайыз деңгейінде сақталуда. Бұл орташа республикалық деңгейден 0,4 пайызға төмен.
«АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ»
"Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасы бойынша Қарағанды облысы бойынша 58,5 мың адамнан тұратын 21 ауылдық елді мекенде 42 жоба іске асырылуда. Ол жұмыстардың нәтижесінде кентішілік жолдардың 20 учаскесінің көлік инфрақұрылымы жақсарады. Сонымен қатар, әлеуметтік-мәдени сала, денсаулық сақтау, спорттық және білім беруді дамыту бойынша22 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде: білім беру саласында білім беру объектілерін күрделі жөндеу; денсаулық сақтау бойынша ФАП салу, денсаулық сақтау объектілерін күрделі жөндеуден өткізу; спорт және мәдениет бойынша, стадион мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінсалу, ауылдық клубты қайта құру, мәдениет объектілерін күрделі жөндеуден өткізу қарастырылған.
БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ – ҰЛТ САУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Қарағанды облысында 450 мыңнан астам азамат спортпен шұғылданады екен. Бұл көрсеткішті одан сайын көбейту үшін қазір спорт алаңдары салынып, тегін секциялар ашылуда. Тұрғындармен жұмыс істейтін спорт нұсқаушыларының да саны артып келеді.
Осы орайда өңір жұртшылығымен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортқа ерекше назар аудару жөнінде тапсырма бергенін де атап өткеніміз дұрыс. Президенттің айтуынша, облыс орталығында, шағын қалаларда, аудандарда және ауылдарда спортпен шұғылдану үшін қолайлы жағдай жасау қажет.
Бүгінгі таңда "Ауыл – Ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ және Абай ауданының Топар елдімекендерінде, Ботақара мен Бұқар жырау ауданындағы Ғ.Мұстафин атындағы кентте спорт нысандары, Нұра ауданының Шахтёрское ауылында жабық хоккей корты салынып жатыр. Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша мыңдаған адам спорттың 26 түрімен айналысып келеді.
Өңірде спортпен шұғылданатын ерекше балалар үшін де қажетті жағдайлар жасалуда. Мәселен, Қарағанды облысы елімізде алғашқылардың бірі болып аутист балаларға арналған спорттық жобаны енгізді. Тиісінше, мемлекеттік тапсырыс бойынша 100-ден астам ерекше қажеттілігі бар бала таэквондо және шахматпен айналысу үстінде. Өңірде мүмкіндігі шектеулі 450 адам қатысатын мүгедектік спорт мектебі де жұмыс істейді.
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ КӨБЕЙІП ЖАТЫР
Қарағанды облысында тұрғынүй салу, баспана меру саласы бойынша көз қуантарлық жаңалықтарға куә болып келеміз. Солардың бірі бірнеше күн бұрын ғана орын алды. Нақтырақ айтсақ, мәдениет және өнер саласының қырық қызметкері Республика күні қарсаңында пәтер кілтіне ие болды. Бұл мақсатта Доскей ауылындағы тұрғынүйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Пәтерлер мәдениет және өнер ұйымдарында тұрғын үй кезегінде тұрғандар тізімі бойынша бөлінген. Облыс әкімінің айтуынша, бұл дәстүр жалғасып, жақын арада 100 пәтерлі тағы екі үй тапсырылады.
Айта кетсек, алғаш рет мұндай 30 пәтер өткен жылы Саран мен Ақтас кентінде берілген. Сондай-ақ, өңірде дәрігерлер мен мұғалімдер баспанамен қамтамасыз етілуде. Кеншілер, металлургтер және жұмыс істейтін жастар үшін тұрғын үй мәселесі жеңілдетілген ипотека арқылы шешіліп келеді. Жалпы, жыл соңына дейін Қарағанды облысында түрлі бағдарламалар есебінен барлығы 2 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылады.
Атап өтсек, 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілген. Сол базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұратын жобаның алғашқы бағыты бойынша ел азаматтарын тұрғын үймен қамту, коммуналдық секторды, жалпы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары атқарылатын болып жоспарланған. Атап өтсек, бас жоспарда мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу үшін бюджеттік несие беру, 16 мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған. «Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді. Елдімекендердегі жолдардың барлығының сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліп, үш жарым мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы жақсарады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде белгілі санаттара жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйге кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары атқарылады. 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтылады» - делінген ұлттық жобаның төлқұжатында.