Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін бұл аймақта 100-ден астам адам жұмылдырылғаны белгілі.
ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбденнің ел өңірлеріндегі үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін ол Қызылорда облысының өңірлік сайлауалды штабына ат басын бұрды.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін бұл аймақта 100-ден астам адам жұмылдырылғаны белгілі.
«Бүгін Қызылордадағы штабтың жұмысымен таныстым. Қызылорда облысы – еліміздегі ең ірі аймақтардың бірі. Жергілікті штабта 10 қызметкер, 100 волонтер жұмыс істейді. Штаб өкілдері аудан және ауыл тұрғындарымен де кездесу өткізеді. Жұмыс үйлесімді әрі талаптарға сәйкес іске асуда», – деді Қарақат Әбден.
Штаб өкілдері мәлімдегендей, сайлаушылар тарапынан жолданған сауалдар мен ұсыныстарға баса мән беріледі.
«Жергілікті тұрғындар көбінесе әлеуметтік тақырыптарға қатысты сауал жолдайды, тұрғындармен кері байланыс жақсы дамыған. Жалпы алғанда, сайлаушылар Қ.Әбденнің әлеуметтік бағдары басым бағдарламасын қолдайды», - деп жеткізді өңірлік штаб жетекшісі Маржан Бисенова.
Сонымен қатар, штабтың үгіт-насихат жұмысы әртүрлі санаттағы азаматтарды қамтиды. Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Ол үшін штаб мүшелері сайлаушылардың үйлерін аралап, үміткер бағдарламасының негізгі бағыттары жайлы мәлімет беріп жүр.
Еске салсақ, елімізде 20 қараша күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Үміткер Қ.Әбден ел аймақтарын аралап, 11 қала мен бірнеше ауылдық елдімекенде 20-дан астам кездесу өткізді. Алдағы уақытта ол Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарының сайлаушыларымен кездесу өткізеді.