Алдағы уақытта Қ.Әбден Түркістан және Жамбыл облыстарының сайлаушыларымен кездесу өткізеді.
ҚР Президенттігіне кандидат Қарақат Әбденнің сайлауалды штабында ел өңірлеріндегі үгіт-насихат жұмыстарының нәтижелері талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Штабта мәлімдегендей, үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізілуде.
«Бүгінгі жиында сайлауалды жұмыстарының нәтижелері бойынша есеп берілді. Қарақат Әбден еліміздің 8 облысында 30-дан астам кездесу өткізді. Сайлаушылар тарапынан көптеген сауалдар мен ұсыныстар келіп түсуде. Өңірлік штабтар олардың барлығын бақылауға алған. Жалпы, сайлау – бұл демократиялық қоғамның көрінісі және сайлауалды штабтарына үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан сайлау мен үгіт-насихат жүргізу бойынша біз озық халықаралық тәжірибені саралай келе, жұмыстың ауқымын кеңейтіп жатырмыз. Біз үшін кандидаттың мықты саяси тұстарын көрсете білу маңызды. Бұл өз алдына үйлесімді ұжымдық жұмысты талап етеді. Сондықтан сайлауалды штабтарымызда өз ісін жақсы білетін мамандар, патриотттар мен мүддесі ортақ тұлғалар еңбек етуде. Бізді біріктіретін ортақ мақсат – ел игілігі үшін жұмыс істеу», - деп жеткізді кандидаттың баспасөз хатшысы Еламан Төлепберген.
Еске салсақ, елімізде 20 қараша күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Алдағы уақытта Қ.Әбден Түркістан және Жамбыл облыстарының сайлаушыларымен кездесу өткізеді.