Карантин көктемгі егіс науқанына кедергі келтірмейді

0
858

Көктемгі далалық жұмыстарға жұмылдырылған қарапайым шаруалар санитарлық бекеттерден тізім бойынша еш кедергісіз өте береді.


Карантин көктемгі егіс науқанына кедергі келтірмейді

ERNUR.KZ. Алматы облысында ел Президенті жүктеген тапсырмаларды орындау мақсатында санитарлық бекеттерден шаруа қожалығының жұмысшылары мен ауыл шаруашылығы техникаларын кедергісіз өткізу алгоритмі жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан өңірде жарияланған карантин режимі көктемгі егіс науқанына еш кедергі келтірмейді дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері. Елімізде жарияланған төтенше жағдай мен облыс аумағында енгізілген карантин режиміне байланысты әрбір қожалық басшысы жергілікті әкімдіктерге өз қарамағындағы жұмысшыларының тізімін беруге міндеттелген. Көктемгі далалық жұмыстарға жұмылдырылған қарапайым шаруалар санитарлық бекеттерден сол тізім бойынша еш кедергісіз өте береді.

– Әр мекеме, әр қожалық өткізіп қойған. Проблемалар жоқ. Ауыл шаруашылығы техникалары міндетті дезинфекциядан өтеді, қаланың ішіне кіреді өйткені. Анықтамаларын, куәліктерін көрсетеді де өте береді, болды, - деді қала әкімінің орынбасары Асқат Қалиасқаров.

Ал анықтама тек шаруа қожалығының басшысына ғана беріледі. Оны электронды портал арқылы немесе жергілікті әкімдіктерге жазбаша түрде өтінім беріп, алуға болады. Қалған жұмысшылардан ешқандай басы артық құжат талап етілмейді. Бұл ең алдымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жұмысына тежеу салмау үшін қажет.

– Еліміздегі барлық шаруа сияқты төтенше жағдай режимі мен карантин кезінде де жұмысымызды үздіксіз жалғастыруға міндеттіміз. Көктемнің бір күні жылға азық екенін білесіз. Сондықтан оны тоқтатуға болмайды. Көктемгі дала жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатыр. Аздаған жауын-шашыннан басқа ешқандай кедергі жоқ, - дейді коммандиттік серіктестік басшысы Александр Хильниченко.

Алматы облысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 966,4 мың гектарға жетті. Соның тең жартысынан астамына дәнді дақылдар егіледі. Жанар-жағармаймен, тыңайтқышпен, тұқыммен қамтамасыз ету мәселесінде де ешбір түйткіл жоқ. Жетісу жерінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 19 мың тонна дизель отыны қаралған. Оның әр литрі шаруаларға 165 теңгеден беріледі.