Марат Сатыбалдиевтің жаңа әдістемесін мұғалімдер де, профессор-ғалымдар да көрген. Барлығы жоғары баға беріп жатыр.
ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Nur Otan партиясында қоғамдық қабылдау өткізді. Сол жерде Шымкент қаласының тұрғыны Марат Сатыбалдиев бейнебайланыс арқылы өзі ойлап тапқан әдістеме туралы айтып берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Менің ешқандай білімім жоқ. Өзім қарапайым жүргізуші болып істеймін. Бірақ мұнай саласына шетелдіктер келе бастағаннан бері ағылшын тіліне қатты құмар болып, көп жыл қызығушылықпен оқыдым. 25 жыл бойы ағылшын тілін тез үйренудің жолдарын іздедім. Қай қалаға барсам да, кітапханаға кіріп, материалдар жинақтап жүрдім. Сөйтіп, ағылшын тілін меңгерудің тиімді әдісін ойлап шығардым", - дейді Сатыбалдиев.
Оның айтуынша, жаңа әдістемені мұғалімдер де, профессор-ғалымдар да көрген. Барлығы бірдей жоғары баға беріп жатыр. Бұған дейінгі экс-министрлер Сағадиев пен Шәмшидиноваға ұсыныс хат жіберілді. Алайда жауап келмеді.
"Осы жолы минстрлікке тағы бардым. Телефон арқылы бір кісімен сөйлестім, вице-министр немесе басқа бір үлкен кісіге кіргізе аламыз деді. Бірақ рұқсаттама бюросында мені кіргізбеді, мәдениет министрлігіне барыңыз деді. Оған да бардым. Ол жердің адамдары да таңғалып, бұл революциялық әдіс деп баға берді. Мұғалімдер қазір-ақ шығарып беріңіз, біз сол әдіс бойынша балаларды оқытуға дайынбыз дейді. Енді қол жинайық десек, көбісі қорқады. Осыны көрсетіп жүргенімізге екі жылдай болды", - деп атап көрсетті Сатыбалдиев.
Әдістеме авторы баспаханаларға да барған. Ол жерде тек мемлекеттік тапсырыспен ғана оқулық шығарамыз депті. Ал министрлікте лицензия сұрайды.
Министр Аймағамбетов қарапайым көлік жүргізушісінің ынтасы үшін алғыс білдіріп, жаңа әдістемені зерделеп шығуға уәде берді.
"Біз алдымен сіздің әдістемеңізді қарайық. Сіз оны жіберіңіз. Ол – бір. Екіншіден, бұл жақсы идея болса, өзіңіз де оны коммерцияландыра аласыз. Бұдан жақсы табыс табуыңызға да болады. Жалпы, жаңа әдістемелердің негізінде оқулық жасаудың өзіндік тәртібі бар. Оны оқулық орталығына тапсырасыздар. Оған талдау да, сараптама да жасалады. Сондықтан ең бірінші қарайық, сосын хабарласайық", - деді Аймағамбетов.