Қарқаралыда Құнанбай қажы мен бала Абайға ескерткіш қойылды

0
3 164

​Тас тұғырдағы тарихи тұлғалар қаладағы Құнанбай қажы салдырған мешіттің алдына орын тепті.


Қарқаралыда Құнанбай қажы мен бала Абайға ескерткіш қойылды

ERNUR.KZ. Қарқаралыда Құнанбай қажы мен бала Абайға ескерткіш қойылды, деп жазады egemen.kz.

Баласының иығына қолын салып келе жатқан Құнанбай Өскенбайұлы мүсінінің биіктігі 4,15 метр болса, қолтығына кітабын қысқан Абай бейнесінің бойы 2 метр 70 сантиметрге жетеді. Ескерткіш сары мыстан құйылған.

Қазақтың қадірлілеріне ескерткіш қою идеясына аудан әкімі Халел Мақсұтов мұрындық болған екен. Мүсіннің эскизі жергілікті суретші Сәкен Дәулетбаевтың қиялынан туыпты. Ал ескерткіштің өзін Ленинградтың (Санкт-Петербург) И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтының түлегі, есімі мәшһүр мүсінші Талғат Байоразов көмекшілерімен бірге жасап шығарған.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде аудан әкімі Халел Мақсұтов жиылған қауымды айтулы оқиғамен құттықтап, ескерткішті орнатуға қатысы бар азаматтардың барлығына алғыс айтты. Салтанатты шараға Абайдың ұлы бабасы Ырғызбайдың тікелей ұрпағы Қосман Ғимранұлы арнайы келіп қатысты.

Қарадан хан шыққан Құнанбайдың да, хәкім Абайдың да өміртарихы Қарқаралының қасиетті топырағымен тығыз байланысты. Ұлы ақынның әкесі қазақтың өткеніне қанық осы қалада мешіт салдырса, Абайдың өзінің де нағашы Һәм қайын жұрты Қарқаралы жеріне талай мәрте ат шалдырғаны тарихтан белгілі. Қазіргі таңда қаладағы Құнанбай қажы салдырған ағаш мешіт пен Абай тоқтаған үй тарихи ескерткіш ретінде мемлекеттің қорғауына алынған.