Қармақшы ауданында мектепте сыра ішкен мұғалімге қатысты шара қолданылады - әкімдік

0
958

Қазір аталған фактіге қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр.


Қармақшы ауданында мектепте сыра ішкен мұғалімге қатысты шара қолданылады - әкімдік

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Қармақшы ауданына қарасты ауыл мектебі мұғалімінің білім ордасында сыра ішіп отырған фотосуреті тарады. Бұл туралы Аслан Омаров есімді желі қолданушысы жариялады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Мектеп мұғалімі сыныптың ішінде сыра ішіп отырған жерінен суретке түсіп қалған. Алайда кабинеттің ішінде тағы кімдердің болғаны белгісіз.

«Мектеп - оқушылар жоқта білгенін жасап жүретін мекен болып кеткен бе? Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Тұрмағамбет Ізтілеуов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары жыраулар шыққан қасиетті өңірдің білім беру ұйымында ішімдік ішіп, ұстаздарға әдістемелік көмек беріп, оқушылар мен ата-аналарға үлгі өнеге көрсетіп жүр.
Мына ханымға осылай білім ордасында жүруге кім рұқсат беріп қойған? Мынадан кейін қалай мұғалімдерге баланы сеніп тапсырамыз?», - деп жазған автор.

Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер Azattyq Rýhy тілшісіне бұл оқиғадан хабардар екенін және қазір аталған фактіге қатысты тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Қармақшы ауданы, Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектебінің мұғаліміне қатысты әлеуметтік желіде таралған педагогтың әрекеті бойынша аудандық білім бөлімімен қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте қызметтік тексеру арқылы педагогикалық этика талаптарының және мектептің ішкі тәртіп ережелерімен, еңбек заңнамаларының сақталуы қаралатын болады. Нәтижесімен, заңға сәйкес шешім қабылданады», - делінген хабарламада.