Кәмелет жасқа толмаған екі баласы бар, әйелінің үшіншісіне аяғы ауыр.
Фото: Stan.kz
ERNUR.KZ. Үшінші баласын күтіп жүрген атыраулық жігіт айыптау актісіне қатысты кінәні толық мойындады. Ол ағзасын 9 миллион теңгеге саудалаған. Ақшаның бір бөлігін алу кезінде ұсталды, деп жазады stan.kz.
Ақтөбе сотына түскен іс қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 116-бабы 1-бөлігі (Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою) негізінде қаралады. Тірі адамның ағзасын заңсыз саудалау бойынша сот талқылауы басталды.
Өз бүйрегін заңсыз сатпақ болған 27 жастағы ер адам – Атырау қаласының тұрғыны. Тұрақты жұмысы жоқ. Такси жүргізушісі болып істейді. Кәмелет жасқа толмаған екі баласы бар, әйелінің үшіншісіне аяғы ауыр. Бүгін Ақтөбе қалалық сотында басталған алғашқы сот отырысына әйелі де еріп келген.
Айыпталушыға қатысты қамауда ұстау не үйқамақ шарасы қабылданбаған. Тек келу міндеттелген. Прокурор Әділет Кенжалы айыпталушыны өзінің бүйрегін сату мақсатында қасақана ауырлығы орташа дәрежеде қылмыс жасағанын айтты.
“2024 жылдың маусым айында Орынбасаров жұмыссыз жүріп, заңсыз жолмен пайда тауып, қарыздарын жабу мақсатында тергеп-тексерумен анықталмаған күні өзінің ағзасын, яғни, бүйрегін сату туралы ақпаратты тез тарату мақсатында Telegram әлеуметтік желісіне өзіне тиісілі аккаунт арқылы хабарландыру қалдырған. Бүйрегін 9 миллион теңгеге бағалап, заңсыз жасалған келісіммен комиссиядан өтуді және Ақтөбе қаласына баруға келісім берген”, – деді прокурор.
Сондай-ақ ол 2024 жылдың 19 қыркүйегінде Атырау қаласынан Ақтөбе қаласына баруға пойызға билет алған.
“2024 жылы 20 қыркүйек күні Орынбасаров Ақтөбеге келіп, заңсыз іс-әрекетін аяғына дейін жеткізу үшін сатып алушымен бірге бүйрегінің жарамды екеніне толық көз жеткізу мақсатында медицина тексеруінен өтеді. 20 қыркүйек күні сатып алушымен бірге пәтерге барған. 25 қыркүйек күні келісімді жүзеге асыру мақсатында сатып алушы 5 млн теңгені Орынбасаровқа беріп, полиция қызметкерлеріне ұсталды. Сөйтіп Ерболат Орынбасаров Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 116-бабы 1-бөлігінде көрсетілген тірі адамның ағзасын заңсыз алып қоюға қарсы заңсыз мәлімдеме жасауға оқталу қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады”, – деді прокурор.
Айыпталушы заңсыз әрекет жасағанын мойындайтынын, өкінетінін айтты.
“2024 жылдың қыркүйек айында болды. Отбасылық жағдай, қарызым болып қалды. Сол уақытта асығыстықпен, ашумен Telegram-да жаза салдым. "Бүйрек донорына” маусым айында жаздым да, шығып кеттім. Мән бермедік. Атым Бердібек деп тұрды. Маусым айында сатамын деп жаздым да мән бермедім. Қыркүйек айында Толғанай хабарласты. Ол сөйлесті, шын атымды айттым. Ол анализ алайық деді. Ол кісіні тексермедім. Отаны Астанада жасау керек болды. Анализді Ақтөбеге келіп тапсырдым. Ақтөбеге 20-21 күні пойызбен келдім. Бар шығынды өзі төлейді деп айтылды. Вокзалдан күтіп алып, Олимпке бардық. Екі талдама тапсырдым. Ақшасын Толғанай төледі. Талдама нәтижесі шыққанын күтеміз дедік. Жалдамалы пәтерде болдым. 25 күні ұсталдым. Отаға дейін, отадан кейін бөліп төлейтін болды. Санамадым, қарамадым. Қазір ал деп сөмкеге салдым. Мойындаймын. Өкінемін”, – деді айыпталушы.