Қаржы министрлігі өкілі салықтық әкімшілендірудің жаңа тәсілдері туралы баяндады

0
93

Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексі аясында салықтық әкімшілендіру тәсілдерін жаңғыртты.


Қаржы министрлігі өкілі салықтық әкімшілендірудің жаңа тәсілдері туралы баяндады

ERNUR.KZ. Көзделген мақсат – бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту, фискалдық бақылаудың сапасын жақсарту және салықтық процестерді барынша цифрландыру. Бұл туралы ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ОКҚ баспасөз мәслихатында айтты.

Ол салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі қалай енгізіліп жатқанын түсіндірді.

«Салықтық әкімшілендірудің әр кезеңінде кеңестер мен консультациялар құралдары қарастырылған. Бұл функция салық декларациясын, оның ішінде арнайы салық режимдері бойынша, сондай-ақ жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкіне қатысты декларацияны толтыру кезінде іске қосылады. Біз салық төлеушілерге есептілікті алғаш тапсыру кезеңінде қате жібермеуге көмектесеміз. Келесі кезеңдерде салықтарды бухгалтерлерге жүгінбей-ақ, оңай төлеуге мүмкіндік беретін сервистер қарастырылған», – деді Ержан Біржанов.


Спикердің айтуынша, ҚҚС төлеушіні тіркеу кезінде компания басшысын Digital ID (Face ID) арқылы аутентификациялау енгізілді. Вице-министрдің пікірінше, бұл функция жалған шот-фактураларды рәсімдеуді болдырмауға мүмкіндік береді.

«Кей жағдайда компанияларды үшінші тұлғаларға рәсімдеп, ЭЦҚ-ны алады, ал оның нақты басшылары мен құрылтайшылары кейін бұл компаниялардан бас тартады. Салдарынан салықтық міндеттемелерді орындау жүктемесі сатып алушыларға артылады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін біз шот-фактураларды жазу кезеңінде Face ID рәсімін енгізіп жатырмыз», – деп түсіндірді вице-министр.


Оның берген мәліметіне сәйкес қазір 130 мың ҚҚС төлеуші бар, ал келер жылдан бастап олардың саны 30 мыңнан асуы мүмкін. Осыған байланысты декларация толтыру, электрондық шот-фактураларды жазу және салық жүйесінің ерекшеліктері бойынша оқыту жүргізу жоспарда бар.

«Салық төлеушілер декларациялар мен көптеген форманы шатастырып алмау үшін салықтық есептілік формаларының санын қайта қарау тапсырылды. 2009 жылдан бүгінгі күнге дейін форма саны 44%-ға немесе 70-тен 41-ге дейін қысқарды. Нәтижесінде бекітілген 41 есептілік форма саны 30%-ға қысқарып, 28-і ғана қалды», – деп атап өтті вице-министр.


Маңызды жаңалықтардың бірі – салықтық есептілікті ұсынбағаны үшін «айыппұлдардан» бас тарту. Егер салық төлеуші декларацияны ұсынбаса, декларация көрсеткіштері нөлге тең етіп тапсырылған деп есептеледі.


Сондай-ақ вице-министр салықтық тәуекелдерді басқарудың жаңа моделі туралы айтты. Қолданыстағы тәуекелдерді басқару жүйесі бизнес тарапынан көптеген сұрақ туғызады, қолданылатын критерийлер мен олардың құпиялылығына қатысты шағымдар бар. Қазір МКК-де тәуекелдер тізілімін қалыптастыру жұмыстары басталды.


Камералдық бақылау процесіне өзгерістер енгізілді. Енді оның аясында анықталған бұзушылықтар туралы емес, қарама-қайшылықтар жайлы хабарламалар жіберіледі.

«Бұл жағдайда салық төлеушіге қатысты қандай да бір шаралар қолданылмайды. Бірақ егер салық төлеуші біздің ескертулерді елемесе, онда оған шығыс операцияларын тоқтата тұруға тура келуі мүмкін», – деді Ержан Біржанов.