Қаржы пирамидасын ұйымдастырған әйел 85 млн теңгеге пәтер сатып алған

0
438

​Ол әлеуметтік желілерде өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсетіп жүрген.


Қаржы пирамидасын ұйымдастырған әйел 85 млн теңгеге пәтер сатып алған

Фото: © istockphoto.com

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында қаржы пирамидасын құрған «Life is good Hermes Management Ltd.» ұйымының жетекшісіне сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Айыпталушы өзін әлеуметтік желілерде табысты кәсіпкер ретінде таныстырып, азаматтарға инвестиция салу арқылы пәтерге қаражат жинау мүмкіндігін ұсынған. Ол азаматтардан 1100 еуро көлемінде ақша салып, 10 жыл бойы 20%-дан астам жылдық табыс алуға уәде берген; Жаңа салымшыларды тартқаны үшін 2-18% пассивті табыс алуды ұсынған. Осылайша, ол 42 адамды қаржы пирамидасына тартып, олардың жалпы 56 миллион теңгесін иемденген», — делінген хабарламада.

Айыпталушы заңсыз алынған қаражатқа Астанадағы элиталық тұрғын үй кешенінен құны 85 миллион теңге болатын пәтер сатып алған. Жылжымайтын мүлікті тәркілеуден қорқып, оны сенімді тұлға атына рәсімдеген.

Сот айыпталушыны қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны және заңсыз алынған қаражатты заңдастырғаны үшін 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар пәтер жәбірленушінің шығынын өтеу үшін пайдаланылады.