Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты кездесулер өткізді

0
127

Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында Мемлекет басшысы бірқатар халықаралық компанияның өкілдерімен кездесті.


Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты кездесулер өткізді

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Wabtec президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантанамен әңгімелесу барысында компанияның ұзақ жылдан бері Қазақстанның теміржол саласындағы сенімі серіктесіне айналғанын, елімізге 230 миллион доллардан аса инвестиция құйғанын атап өтті. Америкалық Wabtec корпорациясы көлік технологиясы бойынша көшбасшы компаниялардың бірі ретінде танылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз локомотивтің жаңа түрлерін шығару, сервистік орталықтарды кеңейту, біліктілік орталықтарын құру және өндіріс локализациясын арттыру бағыттары бойынша компаниямен стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Philip Morris International компаниясының ТМД және Орталық Азия өңірі бойынша президенті Марко Мариоттимен инвестициялық ықпалдастық мәселесін талқылады. Компания орнықты дамуға және инновациялар енгізуге үлес қосып келеді, сондай-ақ ірі салық төлеушілер санатына енеді. 1994 жылдан бастап 2023 жылға дейін Philip Morris компаниясы Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне 1,2 триллион теңгеден аса салық түсімін аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Citi банктің клиенттермен жұмыс жөніндегі бас атқарушы директоры Дэвид Ливингстонмен кездесуде аталған қаржы ұйымының 30 жылдан аса уақыттан бері еліміздің сенімді серіктесіне айналғанына назар аударды. Президент Сiti банкті стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларға атсалысуы маңызды екенін айтты. Сондай-ақ оның шағын және орта бизнесті одан әрі қолдау жоспары Қазақстан экономикасын әртараптандыруға ықпал ететінін жеткізді.

Швейцариялық Glencore компаниясының бас директоры Гэри Нейглмен кездесуде жергілікті мазмұнды ұлғайту, технологияларды игеруге жәрдемдесу және қазақстандық тасымалдаушыларды жаһандық қосылған құны жоғары өнім жеткізу тізбегіне интеграциялау секілді ынтымақтастықтың басым бағыттары қарастырылды.

Glencore «Қазцинк» тау-кен компаниясының акциялар пакетіне иелік етеді. Компания құрамындағы кәсіпорындар Шығыс Қазақстан, Ақмола және Ұлытау облыстарында орналасқан.