Бүгін таңертең Пәкістанда Карачиден Равалпиндиге бара жатқан жүрдек пойыз өртенген еді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Президенті Ариф Алвиге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанда жолаушылар пойызында болған өрт салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және жарақат алғаны туралы қайғылы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
– Қазақстан халқы мен жеке өзімнің атымнан Сізге және қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтасамын. Сондай-ақ жантүршігерлік оқиға кезінде зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектеспін, – делінген жеделхатта.
Еске сала кетсек, бүгін таңертең Пәкістанда Карачиден Равалпиндиге бара жатқан жүрдек пойыз өртенді. Соңғы мәліметтер бойынша 73 жолаушы мерт болған.