Жаңа суперкомпьютер кластері FP8 форматында есептеу әдістемесі бойынша 2 экзафлопсқа дейінгі өнімділікті қамтамасыз ете алады.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығына барып, NVIDIA H200 графикалық процессорлары базасында жасақталған суперкомпьютерді іске қосу рәсіміне қатысты.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі халықаралық серіктестермен бірлесіп, жаңа заманауи дата-орталықтағы жоғары өнімді суперкомпьютерлік жүйені орнатып, пайдалануға берді. Бұл жоба еліміздің цифрлық инфрақұрылымын сапалы жаңа деңгейге көтеріп, Орталық Азия өңіріндегі ең ірі әрі қуатты есептеу орталығына айналды.
Жаңа суперкомпьютер кластері FP8 форматындағы заманауи есептеу әдістемесі негізінде жұмыс істейді және 2 экзафлопсқа дейінгі өнімділікті қамтамасыз ете алады. Мұндай қуаттылық Қазақстанды өңірлік көшбасшы етіп қана қоймай, халықаралық деңгейдегі ғылыми-технологиялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев суперкомпьютердің іске қосылуы еліміздегі негізгі салаларды цифрландыру ісінде маңызды тарихи қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай инфрақұрылым елдің экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, инновациялық экожүйені нығайтып, жасанды интеллект пен үлкен деректерді өңдеуге бағытталған жаңа мүмкіндіктерді ашады.
Суперкомпьютердің есептеу қуатын әртүрлі бағыттағы ұйымдар мен мекемелер кеңінен пайдалана алады. Атап айтқанда, жасанды интеллект пен нейрожелі шешімдерін әзірлеумен айналысатын стартаптар, отандық университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтары, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ ірі жеке компаниялар үшін жаңа жүйе бірегей мүмкіндік болмақ.
Жаңа дата-орталық ғылыми жобаларды дамытуға, күрделі өндірістік есептерді шешуге, климат пен экология саласындағы болжамдарды жетілдіруге, медицина мен фармацевтикада инновациялық зерттеулер жүргізуге қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар, бұл қадам Қазақстанды халықаралық ғылыми-технологиялық қауымдастықтағы сенімді әріптес ретінде нығайта түспек.
Цифрлық даму министрлігінің өкілдері атап өткендей, суперкомпьютердің іске қосылуы елдің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының стратегиялық мақсаттарына толық сәйкес келеді және алдағы жылдары ұлттық экономиканың барлық секторына оң ықпалын тигізеді.


