Қасым-Жомарт Тоқаев телеарналарға неге сұхбат бермейді - баспасөз хатшысы жауап берді

0
1 683

Берік Уәли Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасын өзі жүргізетіндігін баса айтты.


Қасым-Жомарт Тоқаев телеарналарға неге сұхбат бермейді - баспасөз хатшысы жауап берді

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөздің емес істің адамы. Мұндай пікірді «Хабар 24» телеарнасының «Сұқбат» бағдарламасында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп жазады ҚазАқпарат.


«Отандық БАҚ-қа сұқбат бермейді дегенмен келіспеймін. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, Ана тілі, Егемен Қазақстан газеттеріне, мерзімді басылымдарға сұқбат беріп жүр. Сұқбатқа келгенде көп адамдар дұрыс түсінбей жатады. Жалпы, Президент көп сұқбат беріп, сөйлеп, пікір алмасқаннан гөрі істің адамы. Көп жағдайда сөзден гөрі іске ден қойып, тапсырмалар беріп, оның орындалуын қадағалап отырады. Ал телеарнаға келер болсақ, жалпы ол ойда бар. Алдағы уақытта сұқбат береді», - деді Берік Уәли.




Оның атап өтуінше, Президент жасалып жатқан жұмыстар туралы әкімдерден, салалық министрлерден, агенттік басшыларынан есеп алып, талап қойып отырады.

Сонымен қатар Берік Уәли Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасын өзі жүргізетіндігін баса айтты.


«Кез келген мемлекеттік лауазымды тұлғаның әлеуметтік желідегі парақшасын көмекшілері немесе баспасөз қызметі жүргізеді деген қасаң түсінік бар. Жоқ, Мемлекет басшысы кез келген твитті өзі жазып, қадағалап халыққа ұсынып отыр десем, қателеспеймін», - деді ҚР Президентінің баспасөз хатшысы.


Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздерді пайдалануға қатысты қоғамда үлкен пікірталас туындаған кезде Президент арнайы твит жазып, рәміздерді пайдалану қағидаттарын қайта қарауға тапсырма берді.


«Оны дер кезінде депутаттар іліп алып, мемлекеттік рәміздердің қолданыс аясын кеңейтті», - деді ол.