Жиында Түркістан облысының Арыс қаласындағы қазіргі ахуал және еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы Тұңғыш Президент – Елбасының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады egemen.kz.
Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Арыс қаласында қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, сондай-ақ жарылыс салдарын жоюға атсалысып жатқан барлық құзырлы орган қызметкерлерінің және волонтерлердің қажырлы еңбегін ерекше атап өтті.
– Соңғы ақпаратқа сәйкес, зардап шеккендердің саны 160-тан асты. Барша қазақстандықтар бірлігіміздің бекем екенін көрсетіп жатқанын атап өткім келеді. Еліміздің әр түкпірінен азаматтар алаңдаушылық білдіруде, түрлі ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмыскерлері зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бірігіп жатыр. Бір өңірдің басына түскен қиыншылық – бәрімізге ортақ мәселе. Біз халқымыздың ынтымағының арқасында барлық қиындықты еңсереміз. Барша қазақстандықтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев өңірде қалыпты жағдайды тезірек қалпына келтіру және тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан барлық шаралар қолданылып жатқанын атап өтті.
Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша еліміздегі су ресурстарының және су шаруашылығы нысандарының жай-күйі талқыланды. Сондай-ақ, тұрғындар үшін таза ауыз судың қолжетімді болуына және суды үнемдеп пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Арыс қаласында жөндеу жұмыстарын жүргізу және азаматтардың тұрғылықты жеріне оралуын ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.