Қаза тапқан 17 кеншінің отбасына әлеуметтік төлемдер тағайындалды

0
680

Жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер қайтыс болу туралы куәлік негізінде тағайындалады.


Қаза тапқан 17 кеншінің отбасына әлеуметтік төлемдер тағайындалды

ERNUR.KZ. 2 қарашадағы жағдай бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Костенко атындағы шахтада орын алған апат салдарынан қаза тапқан 17 кеншінің балаларына жәрдемақылар мен төлемдер тағайындады, деп жазады baq.kz.

Қайтыс болған 46 кеншінің 21-інің қамқорлығындағыларға әлеуметтік қолдаудың келесі түрлері көрсетіледі.

  1. Республикалық бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы.

Осы жәрдемақының мөлшері қайтыс болған адамның асырауындағы адамдардың санына қарай айқындалады және олардың ай сайынғы мөлшері 37 322 теңгеден (1 балаға) 111 560 теңгеге дейін (5 балаға) болады.

Жәрдемақының бұл түрі 8 жасқа дейінгі бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін аналарға да тағайындалды.

  1. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем.

Бұл төлемнің мөлшері қайтыс болған адамның табысы мен оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі негізінде анықталады. Төлемдер мөлшері айына 56 мың теңгеден 272 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін, ал жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленетінін естеріңізге саламыз.

Айта кету керек, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер қайтыс болу туралы куәлік негізінде тағайындалады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, МӘСҚ және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бақылауында.