Қазақ сыныбына баратын оқушылардың үлесі республика бойынша төмендеп кеткен

0
1 069

Мемлекеттік тілде оқуға деген ниет әсіресе Солтүстік Қазақстан облысына бәсең екен.


Қазақ сыныбына баратын оқушылардың үлесі республика бойынша төмендеп кеткен

иллюстрациялық фото

Этникалық қазақ емес балалардың қазақ мектебінде оқу динамикасы артқан. Өткен жылы 50 мыңнан астам өзге ұлт өкілдерінің балалары мемлекеттік тілде білім алуға ниет білдірген. Соған қарамастан қазақ сыныбына баратын оқушылардың үлесі республика бойынша төмендеп кеткен, деп жазады Stan.kz.

Былтыр 3 миллионға жуық оқушының 66 пайызы қазақ сыныбында оқыған екен. Бір аптадан кейін басталатын жаңа оқу жылында республика бойынша бірінші сыныпқа баратын 380 мың баланың тек 65 пайызы қазақша білім алады.

Мемлекеттік тілде оқуға деген ниет әсіресе Солтүстік Қазақстан облысына бәсең екен. Мәселен, биыл бастауышқа қадам басатын 8 мыңнан астам баланың небәрі 21 пайызы, яғни 1720 оқушы қазақ сыныбына барады.

Облыс орталығы Петропавл қаласында да баласын қазақ мектебіне беруге құлшынып отырғандар ата-ана саны тым аз. Тәуелсіздік алғалы бері Петропавлда 6 қазақ, 31 орыс мектебі жұмыс істеп келеді.

“Биыл бірінші сыныпқа 3 мың 100 бала барады. Оның 507-і қазақ мектебіне барады. Қалған бала орысша оқиды. Орыс сыныптарында әрине қазақтың да балалары көп екені жасырын емес. Бірақ бұл ата-ананың, баланың таңдауы”, – дейді Петропавл қаласы білім бөлімінің меңгерушісі Айнұр Асылбекова.

Министрлік соңғы уақытта мемлекеттік тілде білім алатын оқшылардың саны артты деп отыр. Бес жылдың ішінде қалалық жерлерде бас-аяғы 54 мектеп салынды, қосымша 140 мың бала қазақ сыныбына барды дейді. Бірақ, қазақша оқуға деген ынта өзге ұлт өкілдерінде басым.

“Өткен оқу жылында қазақ тілінде 50 мыңнан астам басқа ұлт өкілдерінің балалары білім алды. Егер бес жыл бұрынғымен салыстыратын болсақ, оның саны 20 мыңға артты”,- БҒМ мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.

Ал саясаттанушы Дос Көшім қазақ мектебінде оқитын оқушылардың білім алу динамикасы керісінше соңғы жылда 25 пайызға түсіп кетті, сондықтан дәл қазір дабыл қағатын жағдайдамыз дейді. Бұған мемлекеттік тілдің қоғамдағы қажеттілігінің төмен болғаны себеп екенін айтады.

“Сағынтаевтың өзі премьер-министр болып отырғанда айтты, 90 пайызы бірінші сыныпқа қазақ мектебіне берді деді. Демек, одан 65-ке түссек, бұл алаңдатарлық жағдай. Егер қазақ тілінің қажеттілігі барлық жерде жасалса, 2-3 жылдың ішінде орыс тілді мектептердің ешкімге қажеті жоқ боп қалады, ең басты мәселе сол. Қазақ сыныбындағы оқушылардың біртіндеп латын қаріпін үйренуі керек деген бастама да ата-аналардың ойын айнытты”,- дейді саясаттанушы.

Айта кетейік, Қазақстанда ұйғыр, тәжік және өзбек мектептері де бар. Бірақ, түлектер ұлттық біріңғай тестілеуді мемлекеттік не орыс тілінде тапсыруы тиіс.