Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту рейтингінде 16-орынға көтерілді.
фото: ғаламтордан
ERNUR.KZ. Қазақстан БҰҰ-ның Электронды үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, алғаш рет ең жоғары рейтингтік санатқа енді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Екі жыл ішінде 8 сатыға жоғарылау БҰҰ баяндамасында көшбасшы елдер арасындағы ең елеулі ілгерілеудің бірі ретінде аталды. Қазақстан осындай деңгейге жеткен өңірдегі алғашқы ел болды", - деп жазылған хабарламада.
Ең жоғары рейтингтік санатқа электронды үкіметі барынша дамыған әлемнің 21 мемлекеті кіреді. Қазір Қазақстан Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ-пен бір қатарда. 2026 жылы бұл санатқа алғаш рет бар болғаны үш ел: Қазақстан, Ирландия және Польша енді.
Екі жыл ішінде Қазақстан 2024 жылы рейтингте өзінен жоғары тұрған Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапониядан озып кетті. Ел индексі әлемдік орташа көрсеткіш 0,6675 болған жағдайда 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті.
Екі жыл ішінде цифрлық мемлекет құрудың үлгісі ретінде танылған Эстониямен арадағы алшақтық төрт есе қысқарды. ТМД және Орталық Азия елдері арасында Қазақстан тағы да бірінші орында. Әлемдік рейтингте Өзбекстан 32-орында, Әзербайжан 38-орында, Ресей 50-орында тұр.
Айта кетері, президент Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойып, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын.
"Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді. eGov.kz порталында 16,4 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген. Тек 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында eGov арқылы 51 млн-нан астам қызмет көрсетілді. Оның үштен екісіне жуығын азаматтар смартфон арқылы алды", - деп атап өтті мамандар.
Технологиялық база да дамып келеді: alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды, ал қазақстандық суперкомпьютер TOP500 рейтингі бойынша әлемдегі ең қуатты жүз есептеу жүйесінің қатарына енді.
"БҰҰ баяндамасында Орталық Азияның Қазақстанның арқасында алғаш рет көшбасшылар тобына енгені атап өтілді. Алдымызда тұрған келесі міндет – азамат өзі сұраныс білдірмей тұрып-ақ қажетті қызметтерді ұсынатын мемлекет қалыптастыру", - деп атап өтті премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
UN E-Government Survey – БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті екі жылда бір рет жариялайтын баяндама. Рейтинг БҰҰ-ға мүше 193 мемлекетті қамтиды және онлайн қызметтерді, телекоммуникациялық инфрақұрылымды және адами капиталды бағалайды. Елдер төрт топқа және 16 рейтингтік санатқа бөлінеді. Ең жоғары VH санатына электронды үкіметі барынша дамыған мемлекеттер кіреді.


