Делегация Кабул қаласына ресми сапармен барған.
Фото: BAQ.kz Арман Мухатов
Қазақстан Ауғанстанмен экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты жалғастырып жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ.
Оның айтуынша, 19-21 маусым аралығында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Кабул қаласына ресми сапармен барған.
Сапар барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік-логистикалық ынтымақтастық және гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланған.
“ Екі елдің іскер топтарының қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырылып, жалпы салмағы шамамен 300 тоннаны құрайтын азық-түлік, алғашқы қажеттілік тауарлары мен дәрі-дәрмектерден тұратын кезекті гуманитарлық көмек партиясын Ауғанстан халқына тапсыру рәсімі өтті , - деді Ерлан Жетібаев.
Қазақстан соңғы жылдары Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп, өңірлік тұрақтылықты қолдау бағытындағы бастамаларға қатысып келеді.


