Қазақстан мектеп оқушыларының жетістіктері бойынша әлем мемлекеттерінің ішінде тоғызыншы орын алып, Ұлыбритания, Израиль, Швейцария сияқты мемлекеттерден озық тұр
ERNUR.KZ. Ұлыбританияның Vouchercloud порталы әлемнің ең үздік елдерінің тізімін жасады. Тізім үш негізгі фактор арқылы жасалған - Нобель иегерлерінің саны, халықтың орташа IQ көрсеткіші және мектептегі оқу үлгерімі, деп жазады tengrinews.
Көбінде Азия мен Еуропа елдері енген ең ақылды деген 25 мемлекеттің тізімінде Жапония көш бастап тұр. Күншығыс елі осы аталған үш бағалау талабы бойынша жоғары көрсеткіш жинап тұр. Мәселен, бұл ел мектептегі оқу үлгерімі бойынша бесінші орында және Нобель лауреаттарының саны мен орташа IQ көрсеткіші бойынша алтыншы тұр.
Алғашқы бестікке Швейцария, Қытай, АҚШ және Нидерланды кірген. Ресей алтыншы, Бельгия жетінші, ал Ұлыбритания сегізінші орында. Құрама штаттары тізімге Нобель сыйлығының лауреаттарының көптігімен кіріп отыр (368 адам). Ал IQ көрсеткіші бойынша ел 28-орында, оқудағы үлгерімі бойынша 13-орында.
Алғашқы ондықта еуропалық елдер болғанымен, Forbes журналисі Дункан Мэдден рейтингке сараптама жасай келе, болашақта бұл рейтингте азиялық елдер көш бастайды деп тұжырым жасап отыр. Мәселен, рейтингте соңғы болып тұрған Сингапур IQ деңгейі мен мектептегі оқу үлгерімі бойынша бірінші орында. Алайда Нобель лауреаттары бойынша тізімде 73-орынға түсіп қалған.
Ал Қазақстан негізгі рейтингте жоқ, бірақ мектеп оқушыларының жетістіктері бойынша әлем мемлекеттерінің ішінде тоғызыншы орын алып, Ұлыбритания, Израиль, Швейцария сияқты мемлекеттерден озық тұр. Мұны рейтинг авторлары тосынсый деп отыр."Ресейдің көршісі Қазақстан әлем бойынша ең ақылды балаларымен күтпеген деңгейден көрініп отыр. Көз алдымызда зияткер мемлекет туып жатқан да шығар", - делінген жарияланымда.