«Қазақстан халқына» қоры: Білім грантын иеленген 220 талапкердің тізімі шықты

0
67

Қор білім алуға тең мүмкіндіктер қалыптастыру және жас қазақстандықтарды қолдау бағытындағы жұмысын жалғастыруда.


«Қазақстан халқына» қоры: Білім грантын иеленген 220 талапкердің тізімі шықты

Фото: Gov.kz

ERNUR.KZ. 2026 жылы «Қазақстан халқына» қорының білім беру гранттарына 220 талапкер ие болды, деп жазады inform.kz.

2026–2027 оқу жылында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (ЖЖОКБҰ) 38 ұйымынан 220 талапкер «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беру гранттарына ие болды.

Білім беру гранттары бағдарламасы Қор тарапынан 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы жастарды қолдауға бағытталған.

Биылғы оқу жылында гранттар талапкерлердің үш санатына бөлінді:

60 грант — ауылдық жерлерден, шағын және моноқалалардан шыққан жетім балаларға және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

53 грант — ауылдық жерлерден, шағын және моноқалалардан шыққан мүгедектігі бар адамдарға;

107 грант — ауылдық жерлерден, шағын және моноқалалардан шыққан, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан талапкерлерге.

— Білім беру гранттарын беру туралы шешім Қордың Қамқоршылық кеңесінің 2026 жылғы 22 маусымдағы № 105 шешімімен бекітілген «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беру гранттарын беру тұжырымдамасына және 2026 жылға арналған талапкерлерді іріктеу моделіне сәйкес қабылданды. Іріктеу қорытындысы бойынша грант тағайындалатын талапкерлердің тізімі Қор Басқармасының 2026 жылғы 9 қыркүйектегі № 34 шешімімен бекітілді, — делінген хабарламада.

Қор бір академиялық оқу жылына 1 млн теңгеге дейінгі мөлшерде оқу ақысын төлейді, сондай-ақ оқу жылының 10 айы ішінде ай сайын 60 мың теңге көлемінде стипендия төлейді. Өткен жылдармен салыстырғанда стипендия мөлшері 1,5 есеге — 40 мыңнан 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.

Бағдарлама іске қосылған 2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қорының білім беру гранттарына барлығы 4 511 жас қазақстандық ие болды. Өткен оқу жылында 721 түлек оқуын аяқтап, сұранысқа ие мамандықты меңгеруге және кәсіби жолын бастауға мүмкіндік алды.

«Қазақстан халқына» білім беру гранттары — студенттерге көрсетілетін қаржылық қолдау ғана емес. Бұл — адами капиталға салынған инвестиция, сондай-ақ өңірлердегі жастарға сапалы жоғары білім алып, өз әлеуетін ашуға және елдің дамуына үлес қосуға мүмкіндік беретін маңызды қолдау тетігі.

Қор білім алуға тең мүмкіндіктер қалыптастыру және жас қазақстандықтарды қолдау бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Білім беру гранты көптеген жастар үшін дербес болашаққа бастайтын маңызды қадамға айналып отыр.

«Қазақстан халқына» қорының білім беру гранттары иегерлерінің тізімін көру үшін сілтемеге өту керек.