Қазақстандық мектеп оқушылары Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен 58-ші халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO 2026) жоғары нәтиже көрсетті.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
ERNUR.KZ. Ұлттық құраманың барлық 4 мүшесі жүлдегер атанып, ел қоржынына 1 алтын және 3 күміс медаль салды, деп жазады inbusiness.kz.
Алтын медальді Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің (NIS) 11-сынып оқушысы Айзере Женісханова жеңіп алды.
Күміс медаль иегерлері:
- Астана қаласы Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әбілмансұр Қали;
- Алматы қаласындағы №134 лицейдің 11-сынып оқушысы Данил Полетаев;
- Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы Ансар Жақсылықов.
Ұлттық құраманы халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, KAIST университетінің студенті Санжар Бегдаир және химия мен экономика магистрі Ануар Нұртазин дайындады.
Биылғы олимпиадаға әлемнің 90-нан астам елінен 350-ден астам дарынды оқушы қатысты. Қатысушылар 5 сағатқа созылған теориялық және практикалық кезеңдерде күрделі химиялық есептерді шығарып, зертханалық жұмыстар орындады.
Халықаралық химия олимпиадасы – мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең беделді 7 пәндік олимпиаданың бірі. Қазақстан бұл додаға 1998 жылдан бері тұрақты қатысып, жыл сайын жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Биылғы жетістік – еліміздегі дарынды жастарды қолдау, олимпиадалық қозғалысты жүйелі дамыту және педагогтердің кәсіби еңбегінің айқын нәтижесі. Бұл жеңіс қазақстандық оқушылардың халықаралық білім додаларындағы табысты жолын жалғастырып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан құрамасы халықаралық физика олимпиадасында ел тарихында алғаш рет 5 алтын медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке қол жеткізген болатын.


