Алматыда ALMATY CIRCUS FESTIVAL I халықаралық цирк өнері фестивалі өтті.
ERNUR.KZ. Фестивальде Германия, Вьетнам, Эфиопия, Якутия, Украина, Беларусь, Ресей, Ұлыбритания, Литва, Чехия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген әртістер өнер көрсетті, деп жазады inbusiness.kz.
Қазақстандық әртістер "Құрмет" орденінің иегері Қанатбек Күнғожинов жетекшілік еткен "Nomad" акробатикалық нөмірі цирк спектаклін ұсынды. Бұл нөмірдің бірегейлігін қазақстандық аудитория да, шетелдік әртістер де жоғары бағалады. Нәтижесінде қазақстандық әртістер гран-при мен күміс жүлдені (Адлет Тикановтың жетекшілігімен "Қос діңгектегі акробаттар" нөмірімен "Hassak" тобы) жеңіп алды.
Алтын жүлдені Вьетнамнан ("Moment Of Love" нөмірімен әуе гимнастары) және Ресей Федерациясынан (Роман Романовтың жетекшілігімен Якутиядан келген жонглерлер триосы және Сергей Сопрыкиннің жетекшілігімен тақтайшалардағы акробаттар) келген цирк әртістері иеленсе, Қазақстандық өнерпаздардан өзге күміс жүлдені өзбекстандық циркшілер (Рустам Хаметовтың жетекшілігімен арқанмен жүретін "Перғауын" нөмірі) және Вьетнамдық әртістер (Чу Тхи Хан Хуен "қылышпен әуе тепе-теңдігі", жетекшісі Тонг Тоан Танг) иеленді, ал қола жүлдемен Германиядан (турниктегі акробаттар Сергей және Ольга Рокашковтар), Беларусьтан (Егор Коваленко), Тәжікстаннан ("Арий тәжі" - Алмасхон Ильясовтың басшылығымен перштердегі эквилибристер) және Литвадан (Алексей Теслин) келген әртістер марапатталды.
Нөмірлер цирк фестивальдеріне баға берудің халықаралық жүйесі бойынша бағаланды. Қазылар алқасы екі параметр бойынша 0-ден 10-ға дейін ұпай берді: 10 ұпай – шеберлік үшін ең жоғары ұпай, ал қалған 10 ұпай – шеберлік, сұлулық және эстетика үшін ең жоғары ұпай. Бір жюриден әртістің алатын ең жоғары баллы – 20 балл. Бұл бағалау жүйесі барлық әлемдік цирк алаңдарында қолданылады.
Қазылар алқасының құрамына халықаралық цирк алаңдарының өкілдері енді. Ал фестивальдің бас режиссері Ресейден арнайы шақырылған сарапшы,Удмурт Республикасының Халық әртісі Елена Петрикова болды.
"Бұл – Алматы қаласында әкімдіктің қолдауымен өткен алғашқы Фестиваль және Алматы мен Қазақстан үшін өте үлкен қадам және зор жетістік. Фестивальге қазылық етуге цирк өнерінің асқан дарындары, әлемдік цирк өнерінің көрнекті қайраткерлері шақырылды. Сондай-ақ, ғажап цирк нөмірлері ұсынылды. Мен жүлдегерлерді таңдауға қатысқан жоқпын, бұл – Қазақ мемлекеттік циркі командасының еңбегі", - деді ол
Қазақ мемлекеттік циркінің бас режиссері Марина Маратқызының айтуынша, фестивальге қатысушыларды таңдағанда, бірінші кезекте режиссерлік топ шеберлік, әртістік пен жаңалыққа назар аударған. Бұрын Алматыдағы цирк манежінде ұсынылмаған нөмірлер таңдалды.
Айта кетерлігі, қазылар алқасы фестивальді ұйымдастырудың сапасын да ерекше бағалады. Цирк шоуларының қоюшы-режиссері Антонио Джароланың айтуынша, ғимараттың инфрақұрылымы мен манежі цирк әртістері үшін барлық халықаралық талаптарға сәйкес болды.
"Біз Қазақстанда болғанымызға және осындай үлкен шоуды тамашалағанымызға қуаныштымыз. Цирк ғимаратының архитектурасының өзі ерекше және біз үшін осындай маңызды тарихи аренада өнер көрсету үлкен мәртебе. Техникалық қамтамасыз ету, жарық және дыбыстық жабдықтар басқа әлемдік алаңдардан кем түспеді. Мұндай фестивальдер өте маңызды! Олар әртістерге шеберлікті көрсетіп қана қоймай, бай мәдениетпен алмасуға ықпал етеді", - деді ол.