Қазақстанда 3 желтоқсаннан бастап бірқатар шектеу енгізіледі.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов 3 желтоқсаннан бастап шектеу шаралары енгізілетінін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
"Коронавирустың жаңа "омикрон" штамының пайда болғанын ескеріп, оның республика аумағында таралуына жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссияда осы жылдың 3 желтоқсанынан бастап мынадай шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданды", - деді ол үкімет отырысында.
- Біріншісі: Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Оңтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуін шектеу;
- "омикрон" штамы табылған елдерден келетін адамдар үшін вакцина алған-алмағанына қарамастан міндетті ПТР тестілеу енгізу. Олар: Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египет.
Сонымен қатар "омикрон" тіркелген елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге үй карантиніне оқшаулануға тиіс.
Осыған орай, вице-министрдің айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық комитет департаменттері шетелден келген азаматтар туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға уақытылы беріп, ал әкімдіктер оларды емхана деңгейінде қашықтықтан бақылауды қамтамасыз етуі қажет.