Екі ел ғарыштық технологиялар мен ғылым саласын бірге дамытуға ниетті.
ERNUR.KZ. Қазақстан мен Қытай Айда ғылыми-зерттеу базасын бірлесіп салу туралы уағдаласты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі сүйінші ақпарат жариялады.
«Биыл шілде айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қытаймен Айда бірлескен ғылыми-зерттеу базасын салу туралы Меморандумға қол қойды. Меморандумның негізгі мақсаты – халықаралық ғылыми ай станциясын құру және пайдалану үдерісіндегі ынтымақтастық», - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, келісім бірлескен зерттеуді, тәжірибе мен білім алмасуды, сондай-ақ ғарыштық технологиялар мен ғылым саласындағы кооперацияны дамытуды қамтиды.
«Қазақстан отандық айналмалы телескопты әзірлеу мен іске қосуды, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді және жаңа технологияларды әзірлеуге қатысуды қоса алғанда, ғылыми-зерттеу базасын салу жөніндегі жобаны іске асыруға елеулі үлес қосуды жоспарлап отыр. Қазақстанның үлесі ғылыми-техникалық инфрақұрылымды нығайтуды және қытайлық мамандармен тәжірибе алмасуды да қамтиды», - деп атап өтті ведомство.