Қазақстан мен АҚШ асырап алынған қазақстандық балаларға бақылауды күшейтуді талқылады

0
392

Бұған дейін сенатор Дархан Қыдырәлі АҚШ-та 100-ден астам баланың тағдыры туралы ақпарат жоқ екенін айтты.


Қазақстан мен АҚШ асырап алынған қазақстандық балаларға бақылауды күшейтуді талқылады

ERNUR.KZ. Вашингтонда Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен АҚШ Мемлекеттік департаменті арасында консулдық консультациялар өтті, деп жазады sputnik.kz.

Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев, америкалық делегацияны АҚШ Мемлекеттік департаментінің Орталық Азия бойынша басқармасының директоры Брайан Стиммлер басқарды.
Келіссөз барысында екі ел азаматтарының өзара сапарларын жеңілдету және құқықтарын қорғау мәселесінен бөлек, Қазақстаннан асырап алынған балаларға бақылауды күшейту мәселесі көтерілді.
Бұған дейін сенатор Дархан Қыдырәлі АҚШ-та 100-ден астам баланың тағдыры туралы мәлімет жоқ екенін айтты. Сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемемен келіспеді.
Сонымен қатар, әңгіме барысында Қазақстан Республикасы азаматтарының АҚШ-қа заңсыз қоныс аударуының жолын кесу бойынша бірлескен шаралар белгіленді.
Сондай-ақ консультацияларға қатысушылар туризм, іскерлік және мәдени байланыстарды одан әрі нығайта түсетін екі елдің азаматтарына виза беру рәсімдерін жеңілдету және жеделдету маңыздылығын айтты.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар консулдық мәселелер бойынша тұрақты негізде ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кеңейтуге дайын екендерін растады.