​Қазақстан мен Жапония Азия мен Еуропа арасында "жасыл" энергия көпірін салу бойынша бірлескен жобаларды ұсынды

0
107

Министр баяндамасында еліміздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және өңірлік энергетикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша негізгі ұстанымдарын таныстырды.


​Қазақстан мен Жапония Азия мен Еуропа арасында

ERNUR.KZ. ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов онлайн форматта өткен «Орталық Азия + Жапония» екінші министрлік диалогында экономика және энергетика мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді.

Министр баяндамасында еліміздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және өңірлік энергетикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша негізгі ұстанымдарын таныстырды.

Ол еліміздің энергетикалық өтпелі кезеңді кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Бұл үдеріс елдің экономикалық ерекшеліктері мен жаһандық климаттық мақсаттарды ескере отырып жүзеге асырылуда. Қазақстан көмір қоры мол ел ретінде одан толықтай бас тартуға дайын емес. Сондықтан мемлекет «таза» технологиялармен жұмыс істейтін станцияларды жаңғырту мен салуға басымдық беріп, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға жеткізуді көздеп отыр.

Сонымен қатар, Қазақстанның өңірлік энергетикалық интеграция орталығы ретіндегі рөліне де ерекше назар аударылды. Мысал ретінде Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерімен бірге Каспий теңізі арқылы Еуропаға «жасыл» электр энергиясын жеткізуге арналған суасты кабелін салу жобасы айтылды.

Ерлан Ақкенженов энергетикалық технологиялар саласында әлемдік көшбасшы елмен әріптестік орнату, мақсаттарға қол жеткізуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Министр Қазақстанның Бірлескен кредиттеу механизмін (JCM) белсенді пайдалануға, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері, энергия сақтау жүйелері мен көмірқышқыл газын ұстау бағытындағы жобаларға жапондық инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасауға дайын екенін білдірді.

«Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатына берік ұстанымда. Біздің жолымыз – прагматикалық әрі жан-жақты ойластырылған энергетикалық ауысым. Біз Орталық Азияны біртұтас энергетикалық аймақ ретінде қарастырамыз және ірі интеграциялық жобаларға хаб болуға дайынбыз. Біздің өңірдің әлеуетін Жапонияның озық технологиялары мен инвестицияларымен ұштастыру – жаңа, таза әрі тұрақты энергетикалық жүйе қалыптастыруға жағдай жасайды. Біз мұндай серіктестікке ашықпыз», – деді Ерлан Ақкенженов.

«Орталық Азия + Жапония» диалогы – өңірдің тұрақты дамуына бағытталған ортақ шешімдерді талқылауға арналған маңызды алаң болып табылады.