Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, бұл жоба Моңғолия үшін жерсерік құруды көздейді.
Фото: ҚР Цифрлық даму министрлігі
ERNUR.KZ. Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында Жерді қашықтықтан зондтау жүйесін құру және дамытуға бағытталған тарихи инвестициялық келісімге қол қойылды, деп жазады inform.kz.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, бұл жоба Моңғолия үшін жерсерік құруды көздейді. Ол жалпы қазақстандық-моңғолдық жерсерік топтамасының құрамына кіреді. Әр тараптың жерсеріктерді дербес басқаруы Қазақстан мен Моңғолияға табиғи ресурстарды мониторингілеу және ауыл шаруашылығын дамыту үшін қажетті деректерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
«Айрықша атап өтетін жайт — бұл Қазақстан тарихындағы қазақстандық инженерлер толық әзірлеген алғашқы экспорттық жерсерік болмақ. Жерсерік Моңғолияның қажеттіліктеріне бейімделіп, өңірлік спутниктік инфрақұрылымды нығайтады және Қазақстанның ғарыш технологиялары саласындағы әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді», — деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Қашықтықтан зондтау технологиялары екі елге де жердің жағдайын тиімдірек бақылауға, су ресурстарын басқаруға және қоршаған ортадағы өзгерістерді талдауға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Моңғолия өздерінің техникалық құзыреттерін біріктіре отырып, экономиканың өзекті мәселелерін шешуге және тұрақты дамуды қолдауға бағытталған құралдар әзірлейді.
Жоба Қазақстанның Ұлттық ғарыш орталығы базасында моңғол инженерлерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Қазақстан мамандары жоба барысында моңғол әріптестерін оқыту міндетін өз мойнына алып, қажетті білімнің берілуі мен кәсіби байланысты нығайтуға үлес қосады. Мұндай өзара әрекеттестік моңғол инженерлерінің біліктілігін арттырып, екі ел арасындағы ғылыми және техникалық ынтымақтастықты тереңдетеді.
Бұл жоба Қазақстан мен Моңғолияның озық технологияларды дамытуға деген ұмтылысын білдіріп, ғарыш саласы мен табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануда серіктестікке жаңа перспективалар ашады.