Қазіргі ереже бойынша сату Қазақстанның өзіне тиімсіз.
ERNUR.KZ. Қазақстан мен Беларусь арасында мұнай экспорты бойынша келіссөз жүріп жатқаны белгілі. Аталмыш келіссөздердің қазір қай деңгейде екенін Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов айтып берді, деп жазады inbusiness.kz.
«Беларусь тарапы бізден мұнай сатып алуға мүдделі. Келіссөздерде жарияланған сұраныс көлемі шамамен 3,2 млн тонна. Оны тасымалдаудың түрлі нұсқалары қаралып жатыр. Қазір жалыпалама мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келдік деуге болады. Енді мемлекет ішіндегі процедуралардан өтіп, өзге де министрліктердің мақұлдауын алуымыз керек. Ғылыми-құқықтақ, инвестициялық сараптама жасалуы қажет. Содан кейін ғана экспортқа шыға аламыз», – деген министрлік өкілі, бұл келісімге Беларусь елінің мұнай импортында монополияға ие болып отырған Ресейдің қалай әрекет еткенін де айтып берді.
«Беларусь тарапымен экспорт көлемі бойынша келісімге келгеннен кейін ғана оны қандай бағытпен тасымалдайтынымызды талқылайтын боламыз. Ресейлік әріптестерімізбен де сол кезде сөйлесеміз. Ал Ресей тарапы қарсы дегенді естімеппін. Менің білуімше, Қазақстан тарапынан да, Беларусь тарапынан да ондай ұсыныс түспегені айтылған болатын», – деді ол.
Вице-министр барлық сараптамалар аяқталғаннан кейін Әділет және Сыртқы істер министрліктерінің рұқсатын алу қажет болатынын айтады. Ол, сондай-ақ, Беларусь тарапы сұрап отырған экспорт көлемін қамтамасыз ету үшін бірқатар ережелерге өзгеріс енгізу қажеттігін айтады.
«Беларусь тарапы Қазақстаннан өзге елдерге де сататын көлемде мұнай алғысы келіп отыр. Мұндай көлемдегі мұнай үшін кедендік экспорт салығы алынады. Бұл біздің бюджетке қосымша шығын деген сөз. Сондықтан, біз Беларусь жағына өнімді тарату келісімі бойынша келіссөздер жүргізуді ұсындық. Өздері сұраған мұнайды Қазақстаннан кедендік экспорт салығы салынбай шығарылатын өнім ретінде сатып алса ғана біз үшін барынша шығынсыз болар еді. Егер әріптестеріміз баға мен маркетинг стратегиясы бойынша келісімге қол жеткізсе, аталмыш көлемдегі мұнайды кесте бойынша жеткізуге дайынбыз. Яғни бәрі компаниаялармен келіссөз жүргізу нәтижесеіне байланысты», –деді Әсет Мағауов.