Көрмеде 12 мың шаршы метрден астам аумақта Қазақстан, Ресей, Армения экспозициялары және 300-ден астам компанияның өнімдері ұсынылған.
ERNUR.KZ. Астанада ЕАЭО елдері үкімет басшыларының қатысуымен "Иннопром. Қазақстан" халықаралық көрмесі басталды, деп жазады Sputnik Қазақстан
Астанада INNOPROM.QAZAQSTAN халықаралық өнеркәсіптік көрмесі басталды. Көрмеде 12 мың шаршы метрден астам аумақта Қазақстан, Ресей, Армения экспозициялары және тақырыптық бөлімдер бойынша 300-ден астам компанияның өнімдері ұсынылған. Олардың ішінде: медициналық жабдықтар мен бұйымдар, химия өнеркәсібі, металлургия, өнеркәсіптік IT, машина жасау, құрылыс индустриясы және жиһаз өнеркәсібі, энергетикалық машина жасау және жеңіл өнеркәсіп бар.
Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин "Экспо" аумағындағы халықаралық көрмені аралап шықты. Сондай-ақ іс-шараға Беларусь премьер-министрі Роман Головченко, Қырғыз Республикасының министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров та келді.
Көрмені аралап көргеннен кейін премьерлердің қатысуымен "Жаңа заманның өнеркәсіптік стратегиялары" атты бас пленарлық сессия өтеді.
INNOPROM.QAZAQSTAN көрмесінің мақсаты – өңірде жаһандық тәжірибе алмасу, өнеркәсіптік кооперацияларды дамыту, жаңа өткізу нарықтарын ашу, серіктестер, тапсырыс берушілер мен жеткізушілерді іздеу үшін перспективалы алаң құру.
Іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен билік өкілдерін, өндірушілер мен бизнесті біріктіреді. Дөңгелек үстелдер мен пікірталас алаңдары барысында олар жаһандық нарықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылайды.
Көрме аясында арнайы тақырыптық сессиялар жоспарланып отыр.