«Қазақстан» шахтасындағы өртті оқшаулау басталды

0
1 093

Шахтадағы өрттен 5 кенші қаза тапты.


«Қазақстан» шахтасындағы өртті оқшаулау басталды

ERNUR.KZ. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тау-кен өндіру сегменті атқарушы директорының орынбасары Сергей Огайдың айтуынша, шахтадағы өртті оқшаулау басталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Бүгінде шахтаның 672 қызметкері Көмір департаментінің басқа кәсіпорындарына ауысты. Жеке құрамға келсек, шахтаның тіршілігін қамтамасыз етуге және әскерилендірілген құтқарушылардың жұмысына көмектесуге ғана қажет адамдар қалды», - деді Сергей Огай.

Қарағанды облысы әкімдігінің жедел кеңесі бір минут үнсіздікпен басталды. Мемлекеттік қызметкерлер «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасындағы өрттен қаза тапқандарды еске алды.

«222 адамды тез арада эвакуациялауға көмектескен құтқарушылардың еңбегін атап өткім келеді. Өкінішке қарай, бес кенші қаза тапты. Кәсіпорын зардап шеккендердің отбасыларына міндеттеме алды. Барлық қажет төлемдер төленеді. Апатты тексеру үшін комиссия құрылды. Оның құрамына барлық жауапты мемлекеттік орган кіреді», - деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Ауруханада 13 зардап шегуші жатыр, оларға барлық қажет ем-дом жасалып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, 8-інің жағдайы орташа ауыр, қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да 20 тамыз қаралы күн болып жарияланды. 19 тамызда бесінші кеншінің денесі табылғаны белгілі болды.

Еске сала кетейік, Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында 17 тамыз күні өрт шыққан еді. Апат кезінде шахтада 227 қызметкер болған. Апатты жою жоспарын дереу енгізу арқылы 222 адам жерге көтерілді. Өкінішке қарай, жер астында қалып қойған 5 кенші қаза тапты.