Қазақстан суицид бойынша әлем елдерінің алдыңғы қатарында тұр

0
2 274

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы елімізде 3526 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Бұған қоса, суицидке әрекет етудің 4855 оқиғасы тіркелген.


Қазақстан суицид бойынша әлем елдерінің алдыңғы қатарында тұр

ERNUR.KZ. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы елімізде 3526 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Бұған қоса, суицидке әрекет етудің 4855 оқиғасы тіркелген, деп жазады inbusiness.kz.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Ерлан Саиров дәстүрлі отбасы институтын қорғау кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты. Депутаттың айтуынша, жаһандану процестерінен туындаған ақпараттар легінің еселеп өсуіне байланысты халқымыздың рухани коды, бала тәрбиелеудің ұлттық форматы деформацияға ұшырап барады.

Сондықтан нақты шараларды қолға алу керек. Атап айтқанда, азаматтардың ата-аналық миссиясы толыққанды орындалуына жағдай жасалуы керек, мемлекеттік қызметтегі, ірі кәсіпорындарда еңбек ететін ата-аналар кешкі сағат 18.00-ден кейін жұмыста қалмауы қажет. Жұмыс істеп тұрған кешенді психологиялық қызметтердің тиімділігін арттырып, ата-аналар, мұғалімдермен бірлесе отырып, «зорлық-зомбылыққа төзімсіздік» этикасын енгізу қажет.

«Әлеуметтік желіде жасөспірімдерді суицидке итермелейтін ақпаратты тежеудің ұтымды тетігін қалыптастыру да аса маңызды. Біз үшін адам өмірі, балаларымыздың жарқын болашағы – ең басты аспект, мемлекет адамның өмірін сақтау үшін барлық мүмкіндікті пайдалануы қажет», – дейді депутат сауалында.