Қазақстан тұрғындарының табысы қаншалықты артты?

0
357

Халық табысын арттыруға бағытталған бағдарлама мерзімі созылды.


Қазақстан тұрғындарының табысы қаншалықты артты?

Көпшілік білетіндей осыдан екі жыл бұрын ел Үкіметінде тұрғындардың табысын арттыруға арналған 2025 жылға дейінгі арнайы бағдарлама бекітілген еді. Аталған бағдарламаның әзірленуіне және оның қабылдануына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың басында берген тапсырмасы негіз болып саналады. Сәйкесінше, аталған бағдарламаны дайындауға мемлекеттік құзіретті органдар, кәсіпкерлердің палатасы, сақа сарапшылар атсалысқан. Бағдарламаны әзірлеу барысында еліміздегі кедейлік шегі мен жұмыссыздық мәселесі кеңінен талданған. Нәтижесінде 2022 жылға дейінгі соңғы бірнеше жыл ішінде ел тұрғындарының табысы екі еседей төмендеп кеткендігі анықталыпты. Одан бөлек, тұрғындардың жұмыс істеп табатын нәпақасы азайып, әлеуметтік көмектер арқылы кіретін табыс көбейген көрінеді.


Осының барлығын талдап, сүзгіден өткізген арнайы топ бағдарлама аясында негізгі он бағытты қарастырып, бүгінде сол тармақтар бойынша біршама жұмыс атқарылып келеді. Атап айтқанда, жұмыс істейтін жастарды экономикалық драйверге айналдыру, әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарға жататын азаматтарды жұмыспен қамту және тиімді тетіктерді іске қосу, мемлекеттік қызметшілердің табысын дұрыстау, кіріс саласындағы тепе-теңдікті қалыптастыру, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жандандыру, туризм саласының тынысын ашу, қажетті инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жаңғырту арқылы азаматтарды жұмыспен қамту, өнеркәсіп саласының ішіндегі өңдеу бағытын дамыту, азаматтардың табысын жеке кәсіпке қолдау көрсету арқылы көбейту бағыттары ілгеріледі. Әлбетте, осыншама бағытты бір бағдарлама арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін емес. Сол себепті соңғы жылдары елімізде түрлі саланы жандандыру мақсатында көптеген ұлттық және мемлекеттік жобалар қолға алынды. Ал, 2025 жылға дейінгі бағдарламаға тұрғындардың табысын көтеру, жұмыспен қамту сынды бағыттар аясындағы сексен іс-шара енгізілген.


Осы орайда қазіргі уақытқа дейін елімізде ілім-ғылым, білім беру, мәдениет және руханият, медицина саласында қызмет ететін азаматтардың жалақысы біршама көтеріліп, табыс тепе-теңдігін қалыпқа келтіру мақсатында арнайы іс-шаралар атқарылып келе жатыр. Ал, бизнес саласындағы еңбек тиімділігін арттыру мақсатында кәсіпкерлер мен кәсіп бастауға ниетті азаматтарға түрлі мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Кәсіпорындарға субсидия тағайындау, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, кәсіп бастаймын дегендерге қайтарымсыз гранттар беру сынды жұмыстар сөзімізге дәлел.


Одан бөлек, бүгінде ел тұрғындары оқу орнын енді бітірген жас мамандарға арналған «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны», жасы елуден асқан азаматтарға арналға «Күміс жас», жұмысқа жарамды кез келген азаматқа мүмкіндік сыйлайтын «Еңбек» секілді көптеген бағдарламаның игілігін көріп жатыр. Қазіргі уақытта кедейлік шегінде өмір сүретін, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар санының азаюы сол бағдарламалардың жемісі десек қателеспейміз. Сонымен қатар, жасөспірімдерді жастайынан нақты бір кәсіпке баулу үрдісі де қалыптасып, өз қабілетін, шама-шарқы мен иекмін айқындаған азаматтар өсіп келе жатыр. Жалпы, аталған бағыт бойынша қырықтан астам іс-шараны жүзеге асыру көзделген.


Бағдарлама аясындағы ел экономикасы мен халықтың қалтасына оң әсерін тигізетін тағы бір бағыт – «табыстың сатып алу қабілетін қорғау» деп аталады. Бұл бағыт бойынша – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндіруді жандандыру, ел нарығына сырттан кіретін тауарларды Отандық өніммен алмастыру, тұрғындарды банктерге берешегімен жұмыс істеу шаралары атқарылып жатыр. Тиісінше, бұл жұмыстардың арқасында жалпы ішкі өнімдегі табыс үлесі мен еңбекақы есебінен мемлекетке құйылатын табыс көлемі ұлғайып, кедейлік шегінде күн кешетін азаматтар мен екі қолға бір күрек таппай жүрген жандардың саны азаяды деп жоспарланған. Жалпы, бағдарлама қабылданған сәттен бастап келер жылға дейін екі миллионнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделген. Расында аталған көрсеткіштер орын алып жатыр деуге болады.


Атап өтер болсақ, сол кездегі еңбек министрі ведомство тұрғындардың табысын арттыру үшін жұмыс орындарын ашу негізгі үш бағыт аясында іске асырылатынын айтқан. Оның ішінде отыздан астам іс-шара жоспарланған болатын. Осы орайда әсіресе жаңа жұмыс орындарын ашудың өңірлік жоспарларын құрып, әр облыс пен қала тұрғындарын жұмыспен қамту процесі жемісті жүргізілгенін атап өтуіміз қажет. Бұл нәтижеге тұрақты бақылау жұмыстарының жүргізілуі айрықша септігін тигізгендей.


Одан бөлек, министрлік бірнеше жыл ішінде арнайы әлеуметтік санатқа жататын азаматтар мен көпбалалы отбасылардың мүшелеріне арналған тиімді тетіктер қарастырды. Тіпті, бұл мақсатқа жету жолында арнайы цифрлық қызметтерді іске қосты. Түрлі ұлттық жобаларды бекітті. Жастардың жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге баруы үшін жағдай жасады. Үй шаруасындағы әйел азаматтарға қолдау көрсетіп жатыр. Жастардың болашақтағы жарқын жолдарын таңдауы үшін сұранысқа ие болып жатқан мамандықтар тізімін жыл сайын жасақтап, ел арасында насихаттап жатыр.


Ал, энергетика министрлігі тарапынан келешекте анағұрлым қажет болатын тауарлар нақтыланып, ірі өндіріс орындарын құру арқылы үш мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу көзделген болатын.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болса, жиырмадан аса іс-шараны атқаруға міндеттелген. Ол іс-шаралар Отандық индустрияны жан-жақты дамыту, үй кезегінде тұрған мыңдаған азаматты баспанамен қамтамасыз ету, жаңа жобалар арқылы мыңдаған жұмыс орнын құру, сандық жүйелер арқылы тұрғындардың жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру секілді мақсаттарға негізделген.

Жалпы, осыдан екі жыл бұрын бекітілген бағдарлама өз жемісін беріп жатыр. Себебі, бағдарлама шеңберінде тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы табысты көбейтуден бөлек, елді мекендерді сапалы ауызсумен, көгілдір отынмен және сапалы логистикамен қамтамасыз ету бағыттары да қатар атқарылып келеді. Осы орайда оннан аса ауқымды жоба қолға алынған. Аталған жұмыстар жүзеге асырылған кезде тағы да он мыңға тарта жұмыс орны ашыламақ.


Тағы бір айта кететін жәйт – бұл бағдарламаның межелі мерзімі Үкімет шешімімен 2029 жылға дейін ұзартылды. Бірақ мерзімі өзгергенімен, мән-мағынасы сол күйінде қалып отыр. Басты мақсат – халықтың тұрмыс тіршілігін түзету, табысты арттыру, адамдарды еңбекке шақыру, яғни жұмыс күшін көбейту арқылы экономиканы дамыту. Дегенмен, «елу жылда ел жаңа» демекші, бағдарламаның бағыттарында өзгеріс бар. Атап айтқанда, бұл бағдарлама алдағы уақытта өңірлердегі жаңа жұмыс орындарын көбейту, ел тұрмысын түзеуге бағытталған мемлекеттік шараларды іске асыру, ел қазынасынан берілетін еңбекақыны көбейту, азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету және біраз уақыттан беру кәсіп бастаймын деген ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік сыйлаған «Ауыл аманаты» жобасын жүйелі түрде жүзеге асыру.


Соның арқасында 2029 жылға дейін Қазақстанда 3 миллион 300 мыңға жуықа адам жұмыспен қамтылып, жалпы ішкі өнімдегі жалақы беру үлесі 41,1 пайызға көбейсе, кедейлік көрсеткіші бес пайызға дейін, ал жұмыссызды көрсеткіші 4,6 пайызға дейін төмендейді деп көзделіп отыр.


Ашық дереккөздердегі ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, Қазақстан Республикасы тұрғындар табысы бойынша жасалған дүниежүзілік рейтингте 162- елдің ішінен 71-орынға жайғасқан. Әлем бойынша орташа табыс күнін 16 АҚШ долларыы шамасында болса, ел тұрғындары шамамен он АҚШ доллары көлемінде табыс табады екен. Рейтимнгтің көшін тұрғындары күніне жетпіс доллар табатын Люксембург елі бастап тұрса, одан кейінгі сатыларға Біріккен Араб Әмірліктері, Норвегия, Америка Құрама Штаттары, Щвейцария сынды елдер орналасқан екен. Ал, рейтингтің ең соңында тұрғындары күніне бір доллардан шамалы-ақ асырып табатын Мадагаскар тұр. Орта Азия және ТМД бойынша Ресей Федерациясы, Украина, Молдава секілді елдер Қазақстанның алдында тұр. Ал, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Тәжікстан мемлекеттері төмен орналасқан.


Қазақстандағы өңірлерді алып қарайтын болсақ, ең көп табыс табатындар Астана қаласында өмір сүреді. Одан кейін алматылықтар болса, қарағандылықтар үздік үштікті түйіндеп тұр. Табысы ең төмен болып саналатын облыстар – Жетісу, Жамбыл және Түркістан өңірлері. Десе де, 2029 жылға дейін ұзарған бағдарлама бұл көрсеткіштердің жақсаруына ықпал етеді деп сенеміз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ