​Қазақстан үш жылдың ішінде жаппай цифрлық ел болуы керек — Президент

0
271

​Мемлекет басшысы ЖИ саласына тоқталды.


​Қазақстан үш жылдың ішінде жаппай цифрлық ел болуы керек — Президент

Фото: primeminister.kz

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдің цифрлық болашағына қатысты айрықша мәлімдеме жасады. Президенттің айтуынша, Қазақстан алдағы үш жылдың ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналуға тиіс. Бұл міндеттің орындалуы елдің дамуы мен болашағы үшін стратегиялық маңызы бар екеніне баса назар аударды.

«Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның пікірінше, қазіргі әлемдегі ең басты тренд – жасанды интеллектінің жылдам дамуы. Бұл құбылыс бүгінде экономикалық қатынастармен қатар, қоғамның әлеуметтік және мәдени салаларына да зор ықпал етіп отыр. Президент атап өткендей, әсіресе жастардың мінез-құлқы, өмір сүру дағдысы мен болмыс-бітіміне жасанды интеллекттің әсері барған сайын артып келеді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның осы бағытта көштен қалмауы керек екенін айтты.

«Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек», – деді ол.

Бұл үшін нақты құқықтық және институционалдық негіз қажет екенін атап өтті. Сол мақсатта Президент ең алдымен Цифрлық кодексті тезірек қабылдау қажеттігін тапсырды. Бұл құжатта цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, жасанды интеллектті енгізу жолдары, платформалық экономиканы дамыту қағидаттары, сондай-ақ үлкен дерекқорлармен (Big Data) жұмыс істеудің тәртібі және басқа да маңызды мәселелер айқындалуы тиіс.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру саласын тиімді үйлестіру үшін жаңа мемлекеттік орган құруды ұсынды.

«Құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіндегі жоғары білікті маман басқаруы керек», – деді Президент.

Бұл бастама елдің технологиялық жаңғыру жолындағы маңызды қадам болмақ. Цифрлық трансформация экономиканың барлық саласына – мемлекеттік басқарудан бастап білім мен денсаулық сақтау жүйесіне дейін – елеулі серпін береді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам Қазақстанды инновациялық даму жолына түсіріп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыруға мүмкіндік береді.

Президент Тоқаевтың айтуынша, цифрлық даму тек технологиялық жетістік емес, ол – елдің болашағын айқындайтын жаңа өркениеттік кезеңнің бастауы. Сондықтан мемлекет, бизнес және қоғам өкілдері бірігіп, осы бағыттағы барлық бастамаларды табысты жүзеге асыруы тиіс.