Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді

0
648

Халыққа қатысты өзгерістердің басым көпшілігі Әлеуметтік кодекстің күшіне енуімен байланысты.


Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді

ERNUR.KZ. Жәрдемақы, зейнетақы, жалақы, такси жүргізушілерінің салығы, автогаз бағасы, төрт күндік жұмыс аптасы – жаз ортасында осы және өзге де өзгерістер күшіне енеді, деп жазады sputnik.kz.

Әлеуметтік кодекс күшіне енеді

Биыл 1 шілдеден елімізде Әлеуметтік кодекс күшіне енеді. Әлеуметтік кодекс – ТМД аумағында алғаш рет қолданысқа енгізілетін біртұтас әлеуметтік құжат. Ол адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды: туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау; еңбекке қабілетті жастағыларды жұмыспен қамту; еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету; әлеуметтік сақтандыру шаралары; өмірлік қиын жағдай кезіндегі әлеуметтік көмек; қарттарды қолдау.
Кодекс 5 бөлімнен, 22 тараудан және 267 баптан тұрады. Әлеуметтік кодекс аясында 9 заң күшін жойып, 50-ден астам заңнамалық актіге өзгерістер енгізіледі.
Осы Әлеуметтік кодекс аясында бүгіннен бастап қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Әрбіреуіне жеке-жеке тоқталамыз.
Жәрдемақы өседі
Әлеуметтік кодекс аясында 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мына түрлері орта есеппен 14,5%-ке артады:
мүгедектік бойынша;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша;
арнайы әлеуметтік жәрдемақылар және тағы басқа.
Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 37 млрд теңге бөлініп отыр.
Сондай-ақ 1 шілдеден бастап мына мемлекеттік жәрдемақылар 14,5%-ке өседі:
бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға;
мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға).
Қазір бұл жәрдемақылардың мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды. Енді осы айдан бастап оның мөлшері 1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейіне немесе 65 313 теңгеге дейін артады. Бұл үшін қазынадан қосымша 6,4 млрд теңге қарастырылған.
"Алтын алқа", "Батыр ана", I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған, яғни 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп тәрбиелеген аналардың жәрдемақысы 7,4 АЕК-ке дейін немесе 2023 жылы 25 530 теңгеге дейін көтеріледі.
Бұдан бөлек, 1 шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер 14,5%-ке өседі. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.
Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққандар барлық зейнетақы жинағын жұмсай алады
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинағы бар еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлерге баспана сатып алуға немесе емделуге зейнетақы жинағының барлық сомасын пайдалану құқығы беріледі.
Еңбек министрлігінің ақпаратынша, бұл құқықты жалпы сомасы 120 млрд теңгеге 75 мыңға жуық зейнеткер пайдалана алады.
Айта кетері, Қазақстанда еңбек сіңірген жылдары үшін зейнеткерлікке күш құрылымдарының қызметкерлері шығады. Олар: әскери қызметшілер; арнаулы, мемлекеттік және құқық қорғау органдары; мемлекеттік фельдъегерлік қызмет.
Зейнетақы активтерін басқару
Қазақстандықтар зейнетақы жинағының 50%-ін өз таңдауымен жеке инвестициялық компанияларға аударып, табыс таба алады. Жоба 1 шілдеден бастап жүзеге асады. Осылайша азаматтар зейнетақы активтерін басқаруға қатысады.
Салымшы жеке басқарушы компанияға аударған зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дағы шотына қайтаруға құқығы бар.
Ескере кететін жәйт, мемлекет Ұлттық банк басқаратын, яғни БЖЗҚ-дағы жинақтардың сақталуына ғана кепілдік береді. Инвестициялық компанияға берілген зейнетақы жинағына сол компания ғана жауапты болады.
Мүгедек жандардың туыстарына күтім жасағаны үшін жалақы төленеді
Қазақстанда 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамға күтім жасауға отбасы мүшелері тартылады. Яғни мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде жұмысқа алынып, оларға еңбекақы төленеді. Тиісті әлеуметтік аударымдар жасалады.
Таксистер мен курьерлердің салығы
Яндекс, Uber, Wolt және Glovo сияқты түрлі онлайн-платформаларда жұмыс істейтін такси жүргізушілері мен курьерлер әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қосылады.
Енді бұл санаттағы азаматтар "тәуелсіз жұмысшы" деп аталады. Яғни табыс әкелетін қызметпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға. Мұндай қызметкерлер онлайн-платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы қызмет атқарса, онда олар ресми жұмыспен қамтылды деп танылады.
Онлайн-платформалардың операторлары қолданыстағы салық режиміне сәйкес жұмысшылары үшін салық төлеп, әлеуметтік аударымдарды аударады. Осыдан кейін такси жүргізушілері мен курьерлер республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлем алуға құқылы болады.
Қазақстандық "грин-карта"
Осы айдан бастап өзге елде тұратын этникалық қазақтар "Ата жолы" картасын алып, Қазақстанға оңайлатылған тәртіппен кіруге мүмкіндік алады.
"Ата жолы" картасын енгізудегі мақсат – тарихи отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, елімізге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту.
Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып беріледі. "Ата жолы" картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады.
"Ата жолы" картасы бар этникалық қазақтың қандастардан айырмашылығы – ол басқа елдің азаматы бола тұра, Қазақстан Республикасының азаматтарымен және қандастарымен тең құқыққа ие.
"Больничный" мөлшері өседі
Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша бір айға төленетін әлеуметтік жәрдемақы 15 АЕК-тен (51 750 теңгеден) 25 АЕК-ке (2023 жылы – 86 250 теңгеге) дейін ұлғаяды.
"Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша 1 айға төленетін әлеуметтік жәрдемақының мөлшері тиісті жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс", - делінген жаңа нормада.
Өзгеріс 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Төрт күндік жұмыс аптасы

Елімізде төрт күндік жұмыс аптасы пайда болды. Енді еңбек ететін қазақстандықтар жұмыс аптасын төрт күндік, бес күндік немесе алты күндік етіп кезектестіре алады. Алайда мұны жұмыс берушімен келісу қажет.
Бес күндік, алты күндік немесе төрт күндік жұмыс аптасы кезінде жексенбі ортақ демалыс күні болып саналады. Бес күндік және (немесе) төрт күндік жұмыс аптасында екінші немесе үшінші демалыс күні ұжымдық шартпен немесе еңбек тәртібі ережелерімен белгіленеді.

Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы тоқтайды

1 шілдеден бастап Қазақстанда жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы тоқтайды. Олардың орнына облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда еңбек мобильдігі орталықтары құрылады. Мұндай орталықтардың филиалы "Мансап орталығы" деген атаумен жұмыс істейді.
Еңбек мобильдігі орталықтары "Халықты жұмыспен қамту туралы" заң негізінде жұмыс істейді. "Жастар практикасы", "Алғашқы жұмыс орны", "Күміс жас", "Ұрпақтар келісімшарты" жобаларын жүзеге асырады.

Автогаз қымбаттайды

Республикада сұйытылған газ бағасы өседі.
Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газының шекті бағасын бекіту туралы бұйрық шығарды. Оған сәйкес, сұйытылған мұнай газының шекті бағасы 2023 жылғы 1 шілдеден 2024 жылғы 30 маусымға дейін қосылған құн салығын қоспағанда тоннасына 40 320 теңгені құрайды.
Бұйрық 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Коммуналдық қызметтердің тарифі өзгереді

1 шілдеден бастап барлық өңірде коммуналдық қызметтердің тарифтері кезең-кезеңімен өзгертіледі.
Мәселен, Алматы қаласында жылу тарифтері 20%-ке көтеріледі. Бизнесмендер үшін 30%, ал бюджеттік ұйымдар үшін 36%-ке артады. Суық су мен канализацияның тарифтері 15 процентке өседі. Кәсіпкерлер үшін 70 пайызға артық болады.
"1 шілдеден бастап Алматы тұрғындарына 1 шаршы метрге, яғни мың литрге судың бағасы 55 теңге 20 тиын болады. Қазіргі баға 48 теңге. Яғни 7 теңгеге тариф өседі. Кәріз қызметінің тарифі 29 теңге 74 тиын құрайды", - дейді "Алматы су" МКК ресми өкілі Серік Шәгіров.

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру аяқталады

Бүгін шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтініш қабылдау тоқтайды. Бұған дейін ішкі істер министрлігі көліктерді заңдастыру мерзімі ұзартылмайтынын ескерткен болатын. Бірақ 1 шілдеге дейін құжат тапсырған барлық адамның өтініші қаралады.
ІІМ ақпаратынша, осы уақытқа дейін 177 мыңнан астам автокөлік заңдастырылған. Оның ішінде 10 мың құрастырмалы көлік бар.
Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және заңдастырылмаған автокөліктерді 5 жылға уақытша есепке қоюға рұқсат беріледі.
Еске салсақ, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру биыл қаңтар айында басталған еді. Шара жарты жылға созылды.

Орманшылардың жалақысы көбейеді

1 шілдеден бастап орман және табиғат қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысына 100% қосымша ақы тағайындалады.
Сонымен қатар, 2025 жылға дейін қосалқы персонал мен табиғат қорғау ұйымдарының штаттан тыс қызметкерлерінің жалақысын 2 есеге ұлғайту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2023 жылғы 1 шілдеден 70%-ке, 2024 жылғы 1 қаңтардан 85%-ке 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 100%-ке.
Осылайша қаржы, ұйымдастыру және өндірістік-шаруашылық бөлімдері қызметкерлерінің, жүргізушілердің, тракторшылардың, өндірістік және әкімшілік үй-жайларды тазалаушылардың және орманды қалпына келтіру, орман қорғау және орман шаруашылығы жұмыстарымен айналысатын уақытша және маусымдық жұмысшылардың жалақылары өседі деп күтілуде.

Қазақстандықтар қайда ұша алады

3 шілдеден бастап Қазақстан мен Өзбекстан арасында рейстер саны артады. "FlyArystan" әуе компаниясы "Астана – Ташкент" бағыты бойынша тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін ашады.
Рейстер аптасына екі рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері орындалады. Жолаушыларды А-320 типті әуе кемелері тасымалдайды.
Сонымен қатар 25 шілдеден бастап Астана – Уфа тұрақты рейстері іске қосылады. "Red Wings" компаниясы жолаушыларды сейсенбі және жұма күндері "Sukhoi Superjet-95" ұшақтарымен тасымалдауды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек Qazaq Air 15 шілде мен 8 тамыз аралығында Алакөлге рейстер ашпақ. Осылайша қазақстандықтар Алматыдан бір сағат ішінде курортты аймаққа жете алады. Рейстер аптасына бес рет орындалады. Ұшақтар Үшаралға дүйсенбі күндері сағат 13.30-да, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі және сенбі күндері 9.35-те ұшады.

Темекі қымбаттайды

Шілде айынан бастап темекі өнімдерінің бағасы өседі.
20 фильтрлі, фильтрсіз сигарет, папиростар, сигариллалар және қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың ең төменгі бөлшек сауда бағасы:
2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін – 710 теңге;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 770 теңге болады.