Қабылдау мерзімі 2026 жылғы 27 мамырдан 31 тамызға дейін жалғасады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін құжат тапсырудың жаңа ережелері мен мерзімдері бекітілді, деп жазады stan.kz.
Осыған сәйкес өңірлер бойынша құжат қабылдау кестесі келесідей:
- 27 мамыр – 31 тамыз: Астана, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жетісу және Абай облыстары;
- 10 маусым – 31 тамыз: Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары;
- 18 маусым – 31 тамыз: Шымкент, Алматы облысы, Қостанай, Павлодар, Атырау облыстары;
- 29 маусым – 31 тамыз: Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облысы.
Бұл ережелер бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін ұйымдарға оқуға қабылдау тәртібіне қатысты.
“Мектепте бастауыш білім беру бағдарламасын жүзеге асыратын ұйымдағы мектепке дейінгі дайындық бағдарламасын аяқтаған және сол мектепте оқуды жалғастырғысы келетін балалар ата-анасының өтініші негізінде бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады. Сонымен қатар егер электронды түрде қызметке бір мезетте түсетін өтініштер саны рұқсат етілген шектен асып кетсе, жаңа өтініш берушілер автоматты түрде "Күту бөлмесіне" жіберіледі. Онда олар өз кезегін бақылап отыра алады”, – делінген құжатта.
Өз кезегі келген кезде пайдаланушы "Күту бөлмесінен" автоматты түрде қызметті алу бетіне қайта бағытталады.
Бұған дейін Қазақстанда 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі өзгертілетіні туралы жазған едік.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында министрліктің өткен жылдардағы тәжірибені зерделей келе, осындай шешім шығарғанын алға тартты.
"Бұған дейін құжат 1 сәуірге дейін тапсырылатын. Алайда бұл кезде мектепте әлі сабақ жүріп жатады. Кей кезде мектеп басшылығы да, мұғалімдер де, IT саласының мамандары да өздері оқу процессімен қарбаласып жатқанда 1-сыныпқа құжат қабылдауды тиімді жүргізілмей қалғанын байқадық. Сондықтан осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін биыл біз 1-сыныпқа қабылдауды қайта қарадық", – деді министр.


