Қазақстанда 19 шілдеден бастап жаңа құжат – "Спорттық этика" күшіне енеді

0
197

Бұл құжат спортшылар, бапкерлер, төрешілер мен оқытушылар үшін бірыңғай тәртіп ережелерін бекітеді.


Қазақстанда 19 шілдеден бастап жаңа құжат –

Фото: primeminister.kz

ERNUR.KZ. 2025 жылғы 19 шілдеден бастап Қазақстанда спорт саласының барлық қатысушыларына арналған жаңа нормативтік құжат – "Спорттық этика" ресми түрде қолданысқа енгізіледі, деп жазады stan.kz.

Бұл құжат спортшылар, бапкерлер, төрешілер мен оқытушылар үшін бірыңғай тәртіп ережелерін бекітеді.

"Спорттық этика" барлық деңгейдегі спорттық іс-шараларда – жергіліктіден бастап халықаралық жарыстарға дейін – бірыңғай мінез-құлық нормаларын қалыптастыруға бағытталған. Құжат алғаш рет 2020 жылы бекітілген болатын, алайда енді ол ел көлемінде толық көлемде іске аса бастайды.

Жаңа ережелерге сәйкес, спорттық іс-шараларға қатысушылар адал ойын қағидаларын ұстануға, қарсыластарға, көрермендерге және төрешілерге құрметпен қарауға, жанжалдан, кемсітушіліктен, орынсыз сөздер мен әрекеттерден бас тартуға міндетті. Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету, марапаттау рәсімдерінде тиісті киім кию және Қазақстан Республикасының әнұранын білу – міндетті шарттардың бірі.

Сонымен қатар, бапкерлер мен спорт ұйымдары барлық спортшылар мен қызметкерлерді бұл ережелермен жазбаша түрде таныстыруға тиіс. Мекеме басшылары спорт нысандарында құжаттың мәтінін көрінетін орындарға ілуге міндетті.

"Спорттық этика" Қазақстанда спорт мәдениетін дамытудағы маңызды қадам болып саналады. Бұл құжат спорт саласында тәртіп, жауапкершілік пен өзара құрмет деңгейін арттыруға ықпал етеді.