Қазақстанда 55-тен асқан шопандарға әлеуметтік көмек беріледі

0
79

Бұл бастама ауыр әрі тұрақсыз еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған.


Қазақстанда 55-тен асқан шопандарға әлеуметтік көмек беріледі

ЖИ / ulysmedia.kz

ERNUR.KZ. Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын мақұлдады. Құжатта саланы қаржылай қолдаумен қатар, шалғайда еңбек ететін шопандар мен бақташыларға әлеуметтік кепілдіктер беру мәселесіне ерекше мән берілген, деп жазады ulysmedia.kz.

Жоспарға сәйкес, мал шаруашылығы қызметкерлері, соның ішінде шопандар мен бақташылар 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлем алу құқығына ие болады. Бұл бастама ауыр әрі тұрақсыз еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған.

Сонымен қатар, мал шаруашылығы мамандары үшін тұрғын үй салу, кадр тапшылығын азайту және ауылда еңбек етуге ынталандыру шаралары қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мал шаруашылығы бүгінде еліміздің агроөнеркәсіп саласының 39 пайызын құрайды. Алайда жыл сайынғы өсім 2–3 пайыз деңгейінде қалып, саланың әлеуеті толық ашылмай отыр.

Осыған байланысты Үкімет мал басын айтарлықтай арттыруды көздеп отыр. Алдағы бес жылда:

  • ірі қара саны 7,9 млн-нан 12 млн басқа,
  • ұсақ мал 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін ұлғаймақ.

Ет өндірісін 1,8 млн тоннаға жеткізіп, экспорт көлемін екі есе арттыру жоспарланған.

Шалғайдағы шаруашылықтарды қолдау үшін жылдық 6 пайызбен 50 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріледі. Бұл қаражат жайылым инфрақұрылымын дамытуға және мал өсірумен айналысатын ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталады.

Премьер-министр Олжас Бектенов жоспардың басты мақсаты — ішкі нарықты отандық өніммен тұрақты қамту, азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау және ауылдағы еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту екенін атап өтті.

Үкіметтің мәлімдеуінше, қабылданған кешенді жоспар ауыл шаруашылығын экономикалық тұрғыда ғана емес, әлеуметтік жағынан да жаңғыртуға мүмкіндік береді.