Сенат депутаттары заңды екі оқылымда қарап, оны мақұлдауға дауыс берді.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда "ерікті" және "өзін-өзі қорғауды қалыптастыру" ұғымдары енгізіліп жатыр. Тиісті заңды 5 мамырда Сенат депутаттары қарады, деп жазады tengrinews.kz.
Заңда аумақтық қорғаныстың мақсаттары, міндеттері, қағидаттары мен шаралары анықталған, Президенттің, Үкіметтің, Қорғаныс министрлігінің өкілеті бекітілген. Сондай-ақ құжатта Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің, меншік нысанына қарамастан ұйымдардың құзыреті, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқындалған.
Сенаттың жалпы отырысында депутат Марат Қожаевтың айтуынша, аумақтық қорғаныс туралы заңға әкімді аумақтық қорғаныстың басшысы етіп белгілейтін бап енгізілмек.
"Заңға сәйкес, Қорғаныс министрлігі аумақтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган ретінде аумақтық қорғанысқа дайындық пен оны жүргізу қағидаларын әзірлейді, аумақтық қорғаныс объектілерінің тізбесін анықтайды, аумақтық әскерлерді қару-жарақпен қамтамасыз етеді, сондай-ақ қаралып отырған салада мемлекеттік бақылау жүргізеді. Сонымен қатар, осы заңның 13-бабында әкім тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумақтық қорғанысының басшысы болып табылады және оның ұйымдастырылуы мен жай-күйіне жауапты екені белгіленген", – деді Қожаев.
"Қорғаныс министрлігі қандай шешімдер қабылдайды, әкім қандай шешімдер қабылдайды дегенді айқындайтын, аумақтық қорғанысты ұйымдастыру мен жүргізу мәселелерінде қайталануды немесе олқылықтарды болдырмау үшін қандай да бір заңға тәуелді нормативтік-құқықтық акт қабылдана ма?" – деп сұрады депутат.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов заңда әкімнің аумақтық қорғаныс аймағының бастығы болып белгіленетіні рас екенін айтты.
"Осы заң қабылданғаннан кейін бірқатар заңға тәуелді актілер әзірленеді, олардың қатарында... Аумақтық қорғаныс жүйесін ұйымдастыру туралы Президент Жарлығы әзірленеді. Нормативтік-құқықтық акт жабық сипатта болады, онда уәкілетті органдардың, Қорғаныс министрлігінің және жергілікті атқарушы органның бағыныстылығы мен жауапкершілігі мәселелері көзделеді", – деп жауап берді Қамалетдинов.
Сенат депутаттары заңды екі оқылымда қарап, оны мақұлдауға дауыс берді.