Алғашқы Digital Nomad Residency рәсімделуі – жай ғана ресми құжат емес, бұл Қазақстанның әлемдік IT-мамандарға ашықтығының белгісі әрі елдің өңірлік технологиялық хаб ретіндегі мәртебесін нығайту жолындағы маңызды қадам.
ERNUR.KZ. Бұл мәртебеге халықаралық тәжірибесі бар Senior Analytics & BI Engineer Павел Филатов ие болды. Ол Қазақстанды қолайлы өмір сүріп, кәсіби қызметін жалғастыруға ыңғайлы ел ретінде таңдаған, деп хабарлайды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
2025 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған бағдарлама аз уақыттың ішінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы әлем бойынша үздік мамандарды тартудың маңызды құралына айналды. Елде тұруға ықтиярхат алу процесі онлайн форматта Astana Hub халықаралық инновациялық кластерінің платформасында басталады. Одан кейін Astana Hub мамандары өтініш берушілерді әр кезеңде сүйемелдеп, заңнамаға сәйкес рәсім толық аяқталғанға дейін кеңес береді.
Бүгінде АҚШ, Канада, Франция, Түркия және ТМД елдерін қоса алғанда, 20 мемлекеттен 270-тен астам өтінім түсті. Өтініш берушілердің басым бөлігі бағдарламалау, киберқауіпсіздік, UI/UX-дизайн және DevOps мамандары.
Бұған дейін Digital Nomad Visa аясында алғашқы қатысушылар – Алжир мен Ботсвананың IT-мамандары Қазақстанға келіп үлгерген. Бұл виза табысты растауды талап етпейді, елге кіруді жеңілдетеді және шетелдік те, отандық та компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, визаның қолданылу мерзімі ішінде оның иегерлері Digital Nomad Residency алуға өтініш бере алады.
Ал Digital Nomad Residency-дің алғашқы ұзақмерзімді мәртебесі бағдарламаның тиімділігін және аймақтық цифрлық хаб ретінде Қазақстанға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
«Digital Nomad Residency маған жайлы өмір сүру мүмкіндігін қарқынды дамып жатқан технологиялық экожүйемен ұштастыруға жол ашты. Рәсімнің заманауи әрі ыңғайлы жүргізілетінін ерекше атап өткім келеді. Бұл бағдарлама IT-мамандарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан кәсіби тұрғыда даму мен халықаралық әріптестік үшін зор әлеуетке ие. Алғашқы резидент атану мен үшін үлкен мәртебе», – деді Digital Nomad Residency иегері Павел Филатов.
Digital Nomad Visa және оның жалғасы болып табылатын Digital Nomad Residency бағдарламалары жасанды интеллект, Big Data, автоматтандыру және ақпараттық қауіпсіздік бағыттарындағы «цифрлық көшпенділерді» тартуға бағытталған.
Алғашқы Digital Nomad Residency рәсімделуі – жай ғана ресми құжат емес, бұл Қазақстанның әлемдік IT-мамандарға ашықтығының белгісі әрі елдің өңірлік технологиялық хаб ретіндегі мәртебесін нығайту жолындағы маңызды қадам.