Қазақстанда алғаш рет Леонардо да Винчидің La Bella Principessa туындысы ұсынылады

0
237

La Bella Principessa – шебердің пергаменттегі жалғыз туындысы болып табылады.


Қазақстанда алғаш рет Леонардо да Винчидің La Bella Principessa туындысы ұсынылады

ERNUR.KZ. Леонардо да Винчидің ең жұмбақ және құнды жауһарларының бірі La Bella Principessa Қазақстан жұртшылығына ұсынылады.

Сурет Сфорциада Варшавалық кодексінен алынған және Милан герцогы Людовико иль Мороның қызы әрі генерал-капитан Галеаццо Сансевериноның жұбайы Бьянка Джованна Сфорцаның қырынан көрінісі деп танылған. La Bella Principessa – шебердің пергаменттегі жалғыз туындысы болып табылады.

Бұл бірегей мүмкіндік Астанадағы Италия елшілігінің, ForteBank, Mastercard, Scripta Maneant және Италия мәдениет институтының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Көрме Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 7 маусым мен 4 тамыз аралығында өтеді.

La Bella Principessa — Леонардо да Винчидің XV ғасырдың аяғында салған туындысы, онда итальяндық ақсүйектер отбасынан шыққан жас қыздың портреті бейнеленген. Жоғалып, кейін қайтадан табылған шығарма шебердің ең жұмбақ және таң қалдыратын туындыларының бірі болып табылады. Бұған дейін картина бүкіл әлем бойынша бес рет қана көрсетіліп, әр уақытта сыншылар мен көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырды.

"Леонардо - Ренессанс адамының бейнесі, дарын, данышпандық және шығармашылықтың мәңгілік өзекті нышаны. Суретші жауһарларының бірі Астанада көрмеленуі - елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың бірегей мүмкіндігі", - деді Италияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Марко Альберти.

Ғалымдар, музейлер және технологиялық зерттеу институттарымен ұзақ жылдар бойы ынтымақтасып қызмет ететін Scripta Maneant баспасы Қазақстандағы Италия елшілігімен, Италия мәдениет институтымен, Forte Bank және Mastercard-пен бірлесіп, Леонардоның бұл туындысын Астана төрінде көрмеге ұсынғанын мақтан тұтады, әрі келушілердің Ренессанс дәуірінің өресі биік өнерін тамашалап, рухани ләззат алуына мүмкіндік береді.

"Әлемдегі басты мәдени іс-шараларды қолдау Mastercard жұмысының маңызды бағыты болып табылады, осылайша компания баға жетпес сәттер және әйгілі тұлғалармен кездесу мүмкіндігін сыйлайды, соның ішінде танымал әртістер, музыканттар және суретшілердің шығармашылығымен танысуды да атап өткен жөн. Біз бұл жобаны қуана қолдадық және қазақстандықтар Леонардо да Винчидің туындысымен танысудан шынайы рахат пен баға жетпес әсер алатынына сенімдіміз", - деп атап өтті Mastercard компаниясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов.

"ForteBank" АҚ мәдениет пен өнерді жүйелі негізде қолдайды. Атап айтқанда, банк соңғы сегіз жыл ішінде мәдени мұраны дамыту, қолдау және өскелең ұрпақты тәрбиелеу мақсатында "Құлан-Астана" ҚБ қызметін қаржыландырып келеді: осы уақыт ішінде 35-тен астам көрме ұйымдастырылды, оның ішінде халықаралық маңызы зор жобалар бар. Галереяға кіру тегін.

"Біздің елімізде осындай сирек кездесетін жауһарды көру мүмкіндігі - Қазақстанның мәдени өмірі үшін маңызды оқиға. Біз оған қатысқанымызға қуаныштымыз. Қалың көрермен Леонардо да Винчидің өшпес туындысын көрген бойда елең етіп, бейжай қалмайтынына сенімдімін", - деді "ForteBank" АҚ Басқарушы директоры Әлия Есжан.

Ұйымдастырушылар елорданың барлық қонақтары мен тұрғындарын Леонардо да Винчидің әйгілі шығармасының әсемдігін тамашалау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне келуге шақырады.